ҚР Бас прокуратурасы "Хизб-ут-Тахрир" ұйымын лаңкестік ұйым деп тану туралы Астана қалалық сотына шағым түсірді - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР Бас прокуратурасы "Хизб-ут-Тахрир" ұйымын лаңкестік ұйым деп тану туралы Астана қалалық сотына шағым түсірді

ҚР Бас прокуратурасы "Хизб-ут-Тахрир" ұйымын лаңкестік ұйым деп тану туралы Астана қалалық сотына шағым түсірді

Бүгін, 16-наурызда Республиканың бас прокуроры Рашид Түсіпбеков "Хизб-ут-Тахрир" ұйымын лаңкестік ұйым деп танып, оның Қазақстан аумағында жұмыс жүргізуіне тыйым салу туралы Астана қалалық сотына шағым түсірді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 16 Наурыз 2005
  • 1160
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының («Ислам азаттығы партиясы») іргетасын Такиитдин Набхоний есімді шейх «Мұсылман бауырлар» ұйымының Палестиналық бөлімінің негізінде 1953-жылы қалаған. Партияны Интерпол тарапынан іздеуде жүрген Палестина автономиясының азаматы Абу Ясин басқарады.

Қазақстан аумағында партия жақтастарының іс-қызметі 1998-жылдан бастап тіркелді. ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, егер соңғы кезге дейін бұл ұйымның заңсыз іс-әрекеттерінің көріністері негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана тіркеліп келсе, қазір ұйымның жақтастары өз идеяларын Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астанада да таратуға талпыныс жасауда.
2004-жылы республика аумағында «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының республика Ата заңына қарсы бағытталған әрекеттерге үндеген үнпарақтары мен басқа да баспа материалдарын таратуға қатысты 180-дей дерек тіркелді. Осындай деректерге сәйкес құқық қорғау мекемелері 111 қылмыстық іс қозғады.
«Хизб-ут-Тахрир» ұйымының республика аумағындағы іс-қызметі Конституциялық құрылымды ыдыратуға, еліміздің егемендігі мен аумақтық біртұтастығына қол сұғуға, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруге, әлеуметтік және дінаралық араздықты өршітуге бағытталған.
Хабарламада атап көрсетілгеніндей, ҚР «Экстремизмге қарсы күрес туралы» заңына сәйкес аталмыш әрекеттер экстремистік әрекет деп танылып, партияның іс-қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салынуы тиіс.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 15-наурызда Республиканың бас прокуроры Рашид Түсіпбековтың өтінішіне сәйкес ҚР Жоғарғы соты «Асбат аль-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан», «Боз гурд», «Орталық Азия моджахедтерінің жамааты», «Лашкар-и-Тайба» және «Әлеуметтік реформалар қоғамы» сынды 11 халықаралық ұйымды лаңкестік ұйымдар деп танып, олардың Қазақстан аумағында жұмыс жүргізуіне тыйым салу туралы шешім қабылдаған. «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы олардың арасынан «Талибан қозғалысы», «Аль Каида» сынды кейбіреулерімен тұрақты байланыста жұмыс істейді.