Ж.Құлекеевтің айтуынша, бұл жабдықтар қазақ, орыс және шет тілдерін үйренуге ғана емес, Қазастанда тұратын түрлі халықтардың тілін үйренуге, соның ішінде ұйғыр, өзбек, түрік және басқа тілдерді үйренуге де арналады.
Қазақстандағы қазіргі заманғы білім берудің бір құрамды бөлігі болып табылатын полимәдениеттік білім «оқушыларға елімізде тұратын басқа халықтардың мәдениеті, салт-дәстүрлері, құндылықтары мен тұрмыс салты туралы білім беруге негізделеді»,- деді министр. Сондай-ақ, елімізде этникалық топтардың өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалуға, бөтен мәдениеттерді игеруге бағытталған этномәдени білім беру тұжырымдамасының жобасы жасалған. Студенттер мен оқушыларды Қазақстанды мекен ететін халықтардың тілдеріне үйрету — тұжырымдаманың басты мақсаттарының бірі.
Ж.Құлекеевтің хабарлауынша, қазір ел мектептерінде өзбек, ұйғыр, тәжік, неміс және түрік тәрізді 7 тілде сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ, «біз түрлі ұлттар мен ұлыстар жинақы қоныстанған жерлерде 19 тілде білім беру бағдарламаларының жобасын жасау бағытында жұмыстар атқарып жатырмыз»,- деді министр.
ҚР президенті әкімшілігінің Қазақстан халықтары Ассамблеясымен жұмыстар жөніндегі хатшылығының меңгерушісі Жұматай Әлиевтің айтуынша, өткен конференцияда Қазақстанды полиэтникалық мемлекет ретінде дамытуды одан әрі жалғастыру және түрлі халықтардың тілдерін дамытуға жағдай жасау туралы нұсқаулар қабылданған. Сонымен бірге, Ж.Әлиевтің айтуынша, бүгінде ұлттық орталықтардың жетекшілері қазақ тілін белсене үйренуді қолдап отыр. Олар Қазақстандағы барлық халықтар үшін қазақ тілін ортақ тілге айналдыруды құптайды. «Бұл өте қуанарлық іс»,- деді ол.
Ж.Әлиевтің айтуынша, бүгінде ҚР аумағында 136 ұлт өкілдері, соның ішінде 100 мыңнан артық адамы бар 8 диаспора өкілдері тұрады.