Комитет ақпаратына сәйкес, жоғары білім алуды мемлекеттік несиелеудің 1999 жылдан жүзеге аса бастағанына, оған республикалық бюджеттен 13,5 млрд. теңге жұмсалғанына қарамастан, мемлекет қаржысына білім алған және білім алып жатқан студенттердің жалпы саны осы уақытқа дейін есепке алынбаған.
Қаржы орталығы несие алған әрбір студентті аты-жөнімен есепке алмаған. Сондай-ақ, олардың жоғары оқу-орындарына ауысуы, әрбір студенттің қордаланған несие мөлшері есепке алынбаған. Несие алған студенттердің жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі мекен алмастыруына мониторинг жүргізілмеген.
Қаржы орталығының жекелеген жоғары оқу орындары бойынша бюджет қаражатының аударылымдары турасында да нақты есебі жоқ.
ЖОО аясында төртінші және бесінші курс студенттерімен жасалған немесе бұзылған келісім шарттардың да есебі алынбаған. 2004 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың тамызына дейінгі аралықтағы аталған контингенттің ЖОО алдындағы қарыздары туралы ақпараттар дұрыс емес. Нәтижесінде, несиегерлердің республикалық бюджет қаржысының өтемеген сомасы 3,5 млрд. теңгегеден асты.
Одан өзге, Қаржы орталығы 2005 жылғы қаржыландыру жоспарын негізсіз өсіріп жіберген. Соның салдарынан бүгінгі таңда қаржы орталығының депозиттік есебінде республикалық бюджетке аударылуы тиіс 944,6 млн. теңге қаржы қалып қойған.
Қаржы орталығы, студенттерді несиелеу аясындағы бөлінген қаржы, оқудан шығып кеткен немесе 2004 жылдың 1 қаңтарынан грантқа ауыстырылған студенттердің есебінен бюджетке ақша түсіру мәселелерімен айналыспайды. Оқуды бітіріп кеткен немесе қарыздары бар студенттер туралы да нақты деректер жоқ. Олармен ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Осыдан барып студент-несиегерлердің қарыздарының жалпы сомасы белгісіз болып отыр. Аталған жай, республикалық бюджеттен бөлінген несиелердің қайтарылуына кері әсерін тигізіп отыр.
Есеп комитеті, ҚР білім және ғылым министрлігіне қаржы орталығының осындай қателіктер жіберген лауазымды тұлғаларына қатаң әкімшілік жаза қолдану; студентерді несиелеу үшін республикалық бюджеттен бөлінген, қаржы орталығының депозиттік есебінде жатқан 944,6 млн. теңгені республикалық бюджеттің кірісіне аудару; кеткен кемшіліктерді тез арада жою туралы жазбаша хат жолдады. Қаржы орталығына деректер базасын қайта есепке алу және бөлінген несиелерді қайтару бойынша өздеріне жүктелген міндеттерін дұрыс атқару ескертілді.