Оның жұмысына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүше-елдері денсаулық сақтау министрлері, ЮНИСЕФ (БҰҰ балалар қоры), ЮНФПА (БҰҰ халық саны саласындағы қоры) және басқа да халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова бастап барды. Форумды қабылдаушы тарап — Түркия денсаулық сақтау министрлігі.
Ізмір — халық саны жөнінен Түркиядағы үшінші үлкен қала және елдің порты жағынан Ыстамбұлдан кейін екінші орында тұр. Ізмір провинциясының жалпы экспорт көлемі 9 млрд. АҚШ долларынан, Түркияның ІЖӨ-дегі үлес салмағы — 4 пайыздан асады. 2004 жылдан бері Ізмір Шымкенттің бауырлас қаласы болып келеді. Ізмірдің бай тарихы бар, қазіргі кезде қала Түрік Республикасының маңызды өнеркәсіптік және мәдени орталығы.
Ізмір қаласы «Денсаулық барлығы үшін» ұранымен өтетін «ЭКСПО-2020» бүкіләлемдік көрмесін өткізуге үміткер болып отыр. Сондықтан да Ізмірдің халықаралық медициналық форум өткізілетін орын ретінде таңдалуы кездейсоқ емес.
Форум жұмысы барысында денсаулық сақтаудың аймақтық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Еуропа халқы арасындағы денсаулық сақтау проблемаларымен күрес жөніндегі стратегия мен іс-қимыл жоспары қаралды.
Қазақстандық делегация форум ауқымында шетелдік әріптестерімен пікір алмасу және озық елдердің тәжірибесін зерделеу үшін бірқатар кездесулер өктізді. Осы саладағы сарапшылардың бағалауынша, қазақстандық медициналық индустрия ТМД аумағындағы алдыңғы қатарда келеді, сондықтан да оған шетелдік инвесторлар зор ынта білдіруде. Қазақстанда қазір түрік өндірушілері де жұмыс істеуде, олардың арасында «Абди-Ибрагим» фармацевтік компаниясы бар.
Бұл шара және өткізілген кездесулер Қазақстанның медициналық әлеуетін күшейтуге және әлемдік деңгейге шығуына мүмкіндік береді.