Жарияланды: 630

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифтың баяндамасы (толық мәтін)

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифтың баяндамасы  (толық мәтін)

Білім беру курстары мен материалдық игіліктер ұсынған миссионердің әрекетіне заңмен тосқауыл қойылады.

Оның пайымынша, көлемді қаражатты қолданатын шетелдік миссионерлердің басты мақсаты өз қатарына қарапайым адамдарды, әсіресе жастарды тарту болды. Жастардың білім-ғылымға деген құштарлығын пайдалан отырып, діни жетекшілер әртүрлі білім беру курстары мен материалдық игіліктерді ұсынған. Осылайша оларды өз торларына түсірді. «Ендігі уақытта шетелдік миссионерлердің мұндай әрекеті 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлесіктер туралы» Заңын бұзғандығын білдіреді. Жаңа Заңымызға сәйкес ҚР-ның азаматтарын қайырымдылық амалдар арқылы өз мүшелігіне мәжбүрлеп тартатын діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді», - деді ол. Діни бірлестіктердің қаржы-шаруашылық қызметі саласын заң талаптарына сай ретке келтіру қажет. Діни жетекшілер адамгершіліктің және жоғары мақсаттарға қол жеткізу үшін шынайы қызмет етудің үлгісі болуға тиіс екендігін баса айтқан ол: «Бірақ біз діни бірлестік өкілдерінің күдікті, қылмыстық істерге қатысты болғанын да білеміз. Мәселен, 2010 жылдың қыркүйегінде Алматы әуежайында «Благодать» шіркеуінің пасторы Ким Сам Сон тәртіп сақшыларының қолына түскен. Тексеру кезінде одан декларацияланбаған ірі көлемде ақша қаражаты табылды», - деді. Агенттік басшысының атап өтуінше, аталған азамат ел аумағынан Оңтүстік Кореяға заңсыз түрде 130 мың АҚШ долларын алып шықпақ болған. Ол Алматы қаласындағы Түрксіб аудандық сотымен шартты түрде 2 жылға сотталып, ақшасы тәркіленді. «Басқа да діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің айқындығы күмән тудырады. Сондықтан діни бірлестіктердің қаржы-шаруашылық қызметі саласын заң талаптарына сай ретке келтіру қажет», - деді Қ.Лама Шариф. Қазақстанда бұған дейін тіркелген 46 конфессияның 17-сі ғана заңды деп танылды. Діни бірлестіктерді қайта тіркеу көптеген қауымдардың діни ұстанымын бақылауға жағдай жасағандығын баса назар аударған Қ. Лама Шариф: «Сарапшылардың жұмысы негізінде діни бірлестіктердің жаңа сыныптамасы жасалды. Елімізде бұған дейін тіркелген 46 конфессия мен деноминациялардың 17-сі ғана заңды деп табылып отыр. Кезінде жекелеген діни бірлестіктер кейбір жағдайларда жаңылысып дербес конфессиялар ретінде есептеліп кеткен болатын»,-деді. Агенттік төрағасының айтуынша, осыған орай діни ұстанымы бірдей діни бірлестіктер конфессия бойынша топтастырылды. Мәселен, бұрын жеке конфессия ретінде есептелген «Назариямин» миссиясы, «Грейс», «Надежда», «Эммануил» қауымдары пресвитериандық шіркеулердің бір конфессиясы аясына кіргізілді. «Сон Бок Ым», «Новая жизнь», «Агапел», «Жадва», «Толық інжіл» шіркеуі, «Блогодать» секілді діни бірлестіктер елуіншілер шіркеулері құрамына топтастырылды. Діни бірлестіктерді қайта тіркеуден кейін, олардың саны 32 пайызға қысқарды. Діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі дер кезінде жасалған сәтті қадам болғандығын баса айтқан ол: «Діни бірлестіктердің саны мен ұстанатын діні туралы жаңа деректер алынды. Елімізде қайта тіркеу үдерісі басталғанға дейін тіркеуде 4551 діни бірлестік болғаны белгілі. 2012 жылдың 25 қазанында аяқталған қайта тіркеуден кейін олардың саны 3088-ге дейін қысқарды»,-деді. Агенттік төрағасының пайымынша, олардың санының азаюы саны аз діни топтардың таратылуымен және іс жүзінде жұмыс жүргізбеген діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтпеуімен байланысты болған. Олардың қатарында «Христово братство», «Соңғы өсиет шіркеуі», «Альжан-Дом спасения», «Христиан ғылым шіркеуі» сынды діни бірлестіктер бар. «Бұрын қызмет атқарған діни бірлестіктердің кейбірі өз құрылтай құжаттарына дінтану сараптамасының теріс қорытындысын алды. Олар «Таентология» шіркеуі, «Бірігу» шіркеуі, «Ақмадиа жамағаты», «Рухани жол» және тағы басқалары»,-деді Қ. Ламашариф. «Біздің пікірімізше, сарапшы қоғамдастық тарабы қайта тіркеу үрдісінің нәтижелерін теориялық жағынан зерделеп, ой елегінен тағы бір өткізуі қажет»,-деді ол. Кейбір дін адамдары үшін діни қызмет ету көп табыс әкелетін бизнес түріне айналып кеткен. «Діни бірлестіктердің басшылары қайыр-садақадан түсетін қаражатты мақсатсыз жұмсайтынына да көңіл аудару керек. Өкінішке орай кейбір дін адамдары үшін діни қызмет ету көп табыс әкелетін бизнес түріне айналып кеткен»,-деді агенттік басшысы. Сондықтанда, оның пайымынша, ресми тіркелген діни бірлестіктер қаржылық қызметтерін нақты айқын көрсеткендері абзал. «Осылайша діни бірлестіктер өздерінің қаржы көздері туралы ақпаратты жариялау арқылы ашық қызметін жүргізе алады. Ал, бұл жағдай жергілікті тұрғындардың оларға деген дұрыс көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етеді»,-деді Қ. Лама Шариф.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін