Жарияланды: 500

ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Вашингтонда сапармен болды

ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова АҚШ Сауда өкілдігі кеңесінің басшылығымен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесін талқылау үшін 2011 жылдың 22-27 мамыры аралығында Вашингтонда сапармен болды.

Екіжақты кездесу барысында қазақстандық нарыққа қызметтердің қолжетімдігі, зияткерлік меншік құқығы, ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шаралары, Қазақстан Республикасында генетикалық модификацияланған өнімдерді реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану, сондай-ақ көпжақты форматта көтеру көзделіп отырған басқа да мәселелер талқыланды. АҚШ-пен екіжақты келісімдерді аяқтау үшін қазақстандық нарыққа қаржы қызметтерін енгізу мәселелерін пысықтау қалды. Бұдан кейін қазақстандық келіссөздер командасы көпжақты форматтағы жүйелі сұрақтарды талқылауға көшеді. Ж.Айтжанова сондай-ақ АҚШ Президентінің арнайы кеңесшісі Майкл Макфолмен, АҚШ сауда өкілінің орынбасары Димитриос Марантиспен, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша көмекшісі Роберт Блейкпен, америкалық конгресмендермен екіжақты кездесулер өткізді. АҚШ Әкімшілігі саяси деңгейде Қазақстанның ДСҰ-ға қысқа уақытта қосылуына қызығушылығын қайтадан білдіріп, көпжақты келіссөздер барысында қолдауға уәде етті. АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшылығымен болған кездесу барысында Орталық Азия елдерінде өңірлік ықпалдастықты нығайту мәселесі жеке тақырып ретінде қаралды. Ж.Айтжанова өзінің «Chevron» «ConocoPhillips», «Exxon Mobil», «FedEx», «General Electric», «AGCO», «Ameron International» және басқа да ірі компаниялармен болған жүздесуінде, АҚШ Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі екендігін атап өтіп, Кедендік одақ аясында 170 млн. адамы бар нарықты құру - американдық инвесторлардың Қазақстанда болуын кеңейтетіндігін айтты. Американдықтар қазақстандық министрдің сапарын, 2010 жылы ҚР мен АҚШ-тың басшылары Н.Назарбаев пен Б.Обаманың Қазақстанның ДСҰ-ға кіру мәселесін анағұрлым тезтету туралы жоғары деңгейдегі келісімінің жүзеге асуы ретінде бағалады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть