Ж.Әбдиевтың пікірінше, заңсыз көші-қон құбылысы мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін сақтап қалуға үлкен қауіп төндіреді. Алайда, Қазақстан мүшелікке өткен аймақтық халықаралық ұйымдар көші-қонды реттеу мәселесінде әзірге белсенділік таныта алмай отыр. ТМД, ЕурАзЭҚ, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы мен Шанхай Ынтымақтастығы ұйымдары аясындағы және басқа да интеграциялық құбылыстар оңды ағымдармен бірге кері әсерін де тигізуде, дейді комитет төрағасы. Бірінші кезекте бұл Орталық Азия республкаларынан Қазақстан мен Ресейге бақылаусыз ағылған заңсыз мигранттар легімен көрініс беруде. Ж.Әбдиевтің айтуынша, ең алдымен заңсыз көші-қон экстремизм мен лаңкестіктің белең алу көзі, өйткені, исламдық ұйымдардың ең радикал өкілдері осы ортадан шығады. Ал қабылдаушы жақ болып табылатын Қазақстанның проблемаларына басқа елдердің басшылары назар аудармайды.
Батыстық ұйымдар мен елдер де осындай ұстанымда, деді Ж.Әбдиев. Батыс Еуропа елдеріне заңсыз мигранттарды жолдайтын ұйымдасқан арналары бар деп Қазақстанды айыптайтын олар Қазақстан арқылы өтетін миграциялық лекті бақылау және реттеу жүйесін ұйымдастыруға қол ұшын беруге бағытталған нақты қадамдарға әлі де бара алмай отыр.
Осыған байланысты көші-қон және демография жөніндегі комитеттің жаңа басшысы ретінде Ж.Әбдиев жақын шетелдермен арада қолданбалы сипаттағы тиісті мемлекетаралық келісімдерге қол қою туралы мәселе көтермекші. Ондағы мақсат — көші-қонды реттеу және бақылау жөніндегі ықпалды жүйені бірлесе құру болып табылады.