ҚР ІІМ мал барымтасына қарсы шара ұйымдастырды - kaz.caravan.kz
  • $ 512.81
  • 604.19
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР ІІМ мал барымтасына қарсы шара ұйымдастырды

ҚР ІІМ мал барымтасына қарсы шара ұйымдастырды

2004-2005-жылдарға арналған мал ұрлығына қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыру жоспарына сәйкес, ҚР ІІМ мекемелері шілденің 6 мен 10 аралығында "Арқан" атты шұғыл профилактикалық шара өткізді. Бұл туралы ҚР ІІМ таратқан хабарламада айтылған,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 14 Шiлде 2005
  • 703
Фото - Caravan.kz

Шараның мақсаты — мал ұрлау әрекеттеріне тосқауыл қою және оның алдын алу жұмыстарын пәрмендендіру, бұған дейін тіркелген қылмыстарды әшкерелеу, сот және тергеу орындарынан із жасырып кеткен қылмыскерлерді ұстау болып табылады.

Операцияны жүзеге асыруға қылмыстық және жол полициясы, сондай-ақ, аймақтық ішкі істер департаменттерінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшелері жұмылдырылды. Барлығы 543 мобильді шұғыл іздестіру топтары құрылып, олар мал және ет өнімдерінің саудасымен шұғылданатын адамдарды, сондай-ақ, мал тасымалдаушы автокөлік иелерін тексерді.
«Арқан» шарасы барысында бұрындары тіркелген мал ұрлығына қатысты 59 істің 53-і әшкереленді. 8-шілде күні Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық ІІБ-ына Жұрын ауылындағы бір шаруашылық директоры белгісіз біреулердің 85 қойын ұрлап кеткенін айтып шағымдана келген. Бұл қылмысқа қатысы бар екі барымташы қолға түсті. Әлгілер малды Ақтөбелік бір тұрғынға сатып жіберген. Қолды болған мал иесіне қайтарылды.
Сонымен бірге тәртіп сақшылары мал ұрлығына қатысты 66 қылмыстың бетін ашты. Соның ішінде 15 іс ертеректе жасалған ұрлықтар. Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті Сайрам ауданы Чиркино ауылы тұрғынының екі сиырын тонап кеткен Шымкенттік төрт адамнан құралған қылмыстық топты құрықтады. Ұрлыққа қатысы бар бір адамның үйіндегі қора-жайларды тексерген кезде ұрланған мал табылып, заңды қожайынына қайтарылды. Тәртіп сақшылары арықарай тексеру барысында бұл топтың облыс аумағында 2004 — 2005-жылдың маусым айлары аралығында жасалған 32 мал ұрлығына қатысы бар екенін анықтап дәлелдеді.
Жалпы алғанда «Арқан» операциясы барысында қолды болған 292 малдың 242-сі иесіне қайтарылды. Мал ұрлығын жасаған 107 адам ұсталып, 31 қылмыскер қамауға алынды. Мал ұрлығы үшін іздеуде жүрген 11 қылмыскер қолға түсті.

Перейти к новостям спорта