«Операция Алматы көшелерінде тәртіп орнату, Қазақстан аумағында заңсыз жүрген адамдарды әшкерелеу және заңсыз көші-қон арналарының бетін ашу мақсаттарын көздейді»,- деді Т.Қаттаубаев.
Республика аумағында жаппай жүзеге асырылатын шараға ҚР ІІМ, ҰҚК мен прокуратура өкілдері қатысады. Осыған байланысты көші-қон полициясының аумақтық басқармаларында түрлі органдардың жұмысын үйлестіретін штабтар құрылуда.
«Мигрант» операциясы 27-30- маусым аралығында жалғасады. Осы мерзімде полиция елімізде тұратын заңсыз мигранттар туралы ақпараттарды дәйектейді. Әсіресе базарлар мен құрылыс нысандарына баса назар аударылады. Полиция заңсыз мигранттар туралы қарапайым тұрғындардан да ақпараттар алудан үміттенеді.
Т.Қаттаубаевтың айтуынша, тек бүгінгі күннің өзінде Алматы қалалық көші-қон полициясы Өзбекстанның 200 азаматын ұстаған. Люля деп аталатын өзбекстандық цыган ұлтының өкілдері елімізде көбінесе қайыршылықпен шұғылданады, деді тәртіп сақшысы. Қазір олар ішкі істер департаментінің арнаулы қабылдағышына қамалды. Ол жерде мигранттардың еліміз бен басқа да мемлекеттердің заңын бұзу жағдайына тексерулер жүргізілуде. Олар артынан автобуспен Өзбекстан шекарасына жеткізіліп, осы елдің өкіметіне табысталады. «Заңсыз мигранттарды тасымалдау қаржысын Алматы қалалық әкімшілігі бөлді»,- деді көші-қон полициясының бастығы.
Т.Қаттаубаевтың хабарлауынша, тиісті талапқа сәйкес рәсімдемей, шетел азаматтарын жұмысқа қабылдау дерегінің беті ашылған жағдайда қазақстандық кәсіпорындар мен жұмыс беруші жеке азаматтарға ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сәйкес 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.