Ө.Түсімовтың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлудің қажеті жоқ. Жаңа үлгідегі куәлікті жүргізушілер 1,28 еселенген айлық есептік көрсеткішке сатып алады. «Бұл қазіргі жүргізуші куәлігінен қымбат емес».
Жаңа куәлік интегралдық микросхемасы бар пластикалық карточка түрінде шығарылған. Электронды жүргізуші куәлігінде көлік құралының мемлекеттік техникалық байқаудан өткені, жүргізушінің әкімшілік құқық бұзушылық оқиғаларына байланысты айыппұлдарды төлеу жайы, жүргізушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, көлік құралын тіркеу мәліметтері жинақталады. «Бұл -ақпараттары жоғары деңгейде қорғалатын куәлік болмақ. Оны қолдан жасау мүмкін емес»,- деді Ө.Түсімов.
Департамент төрағасының айтуынша, жаңа үлгідегі құжаттарды бірінші кезекте бұрынғы куәлігінің мерзімі біткен жүргізушілер алады. Жаңа үлгідегі куәлік те бұрынғыдай 10 жыл мерзіммен беріледі. Ал куәлікті жуырда ғана алған жүргізушілер оны мерзімі аяқталғанша пайдалана алады, деді департамент төрағасы.
Жаңа куәліктерді тарату Алматы мен Астанада 10-желтоқсанда, ал республиканың барлық облыс орталықтарында 2006-жылдың 1-қаңтарында басталады.
Бұл куәліктер жол қозғалысы жөніндегі Женева конвенциясына қатысушы-елдердің аумағында пайдаланылады. Конвенцияға 180 ел біріккен.