Оның айтуынша, қазіргі жағдаймен мемлекеттік емес сектордағы жалпы жалақы берешегі 39 млрд. теңгені құрайды. Осыған байланысты ҚР кәсіподақтарының федерациясы «азаматтардың конституциялық құқығын жаппай бұзуға байланысты» республика үкіметі мен құқық қорғау мекемелеріне шағым түсірді,- деді С.Мұқашев.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы бұған қоса өзі басқаратын ұйым жалақы жүйесін жаңалаудың жаңа тұжырымдамасының жобасын жасап жұмыс берушілер мен үкіметке таныстырғанын хабарлады. «Құжаттың басты мәніне жүгінсек, заң бойынша белгіленетін ең төменгі жалақы мөлшері ең жоғарғы әлеуметтік параметр болып табылатын ең төменгі тұтыным бюджетіне мейлінше жақындатылуы тиіс»,- деді ол. «Ғылыми тұрғыдан алсақ та, обьективтілік тұрғысынан алсақ та, бұл бюджет ең төменгі күнкөріс қоржынының екі мөлшеріне тең келіп, тұрғындардың негізгі материалдық және рухани сұраныстарын қамтамасыз етуі тиіс»,- дейді кәсіподақ ұйымының жетекшісі. Сөйтіп, С.Мұқашевтың пікірінше, Қазақстандағы ең төменгі жалақы 11 мың теңге болуы тиіс.
Сондай-ақ, С.Мұқашев : «қазір, әрине, бірден ондай жалақы белгілеу қиын, бірақ біртіндеп осындай өсімге қол жеткізілуі тиіс»,- деп атап көрсетті. Ең төменгі жалақының жыл сайынғы өсімін кәсіподақ ұйымдары, үкімет мүшелері мен жұмыс берушілер қамтылатын республикалық үш жақты комиссия айқындауы қажет, дейді Федерация төрағасы. «Осы комиссияның нұсқауы негізінде ең төменгі жалақы мөлшерін парламент заңнамалық тұрғыда бекіте алады»,- деді ол.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 88 мың отбасында бірде-бір жұмысшы жоқ, ал бір бос жұмыс орнына ел бойынша орта есеппен 9-10 жұмыссыз таласуда.