ҚР Халық банкі жеке тұлғалардың ағымдағы есепшоттарына қызмет көрсету ақысына 50 теңгелік тариф енгізу туралы шешімнен бас тартты - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР Халық банкі жеке тұлғалардың ағымдағы есепшоттарына қызмет көрсету ақысына 50 теңгелік тариф енгізу туралы шешімнен бас тартты

ҚР Халық банкі жеке тұлғалардың ағымдағы есепшоттарына қызмет көрсету ақысына 50 теңгелік тариф енгізу туралы шешімнен бас тартты

Қазақстан Халық банкі жеке тұлғалардың ағымдағы есепшоттарына қызмет көрсету ақысына 50 теңгелік тариф енгізу туралы шешімнен бас тартты. Банк басшылығы мұндай шешімді ҚР үкіметімен консультациялар өткізу және ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан құрылған арнаулы топтың жұмысы нәтижесінде қабылдады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қазақстан Халық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 3 Ақпан 2004
  • 724
Фото - Caravan.kz

Жұмыс тобы әлеуметтік төлем жұмыстарын ұйымдастыруға комиссиялық сыйақы тарифтерін айқындау әдістемесін жасау үшін құрылған. Оған мүдделі мемлекеттік мекемелер, Зейнетақы және жәрдемақыларды төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы, «Қазақстан халық банкі» ААҚ мен «Қазпошта» ААҚ енді.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы жұмыс тобының соңғы отырысында зейнетақы және жәрдемақыларды төлеуге байланысты Қазақстан Халық банкінің шегіп отырған шығындарына қатысты ашық есеп -мәліметтер таныстырылды. Ортаға салынған есеп бойынша, 2003-жылы Халық банкінің шығындары Зейнетақы және жәрдемақыларды төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығынан әлеуметтік төлем жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін алған комиссиялық сыйақы мөлшерінен 83 процентке артып кеткен.
Баспасөз қызметінен хабарлауынша, әлеуметтік төлемдерді ұйымдастырудағы өз жауапкершілігін ұғынған ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уақытша шара ретінде 2004-жылғы мемлекеттік бюджетте қарастырылған қаржы аясында Халық банкі үшін комиссиялық сыйақы тарифтерін көтеруге мүмкіндік тапты. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдермен айналысушы барлық банктер мен «Қазпошта» ААҚ үшін де комиссиялық сыйақы мөлшері арттырылды.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы жұмыс тобы 2004-жыл ішінде зейнетақы және жәрдемақы төлемдері үшін комиссиялық сыйақы мөлшерін анықтаудың әділетті әдістемесін жасап шығару арқылы 2005-жылғы мемлекеттік бюджетте операторлардың төлемдік шығындарын толықтыруға жеткілікті қаржы қарастыруы тиіс. Өз тарапынан Қазақстан Халық банкі ҚР азаматтарының мүддесіне сәйкес, мемлекеттік құрылымдармен ашық әрі әділетті әріптестікке дайын екенін білдіреді.
Халық банкі әлеуметтік төлемдерді пайда табу көзі ретінде қарастырмайды әрі аталмыш қызмет түрін көрсету жөнінен монополистік құқыққа талпынбайды. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, ҚР үкіметінің 1999-жылғы 28-қыркүйектегі №1464 қаулысына сәйкес, зейнеткерлерге зейнетақы және жәрдемақы алу үшін кез-келген екінші деңгейдегі банк пен «Қазпошта» ААҚ-ның бірін таңдауға ерік берілген.
Зейнетақы мен басқа да аударым қаржысын ағымдағы шоттармен қатар төлем карточкаларының көмегімен де алуға болады. Еліміздің карточка рыногындағы жетекші банк болып табылатын Халық банкі зейнеткерлерге аталмыш қызмет түрін 2000-жылдан бері ұсынып келеді. Бұл орайда зейнеткерлер үшін карточкалық шоттар ашуға және карточкамен қызмет көрсетуге жеңілдіктер тағайындалған. Қазіргі жағдаймен әлеуметтік төлем алушы 90 мың адам Халық банкінің төлем карточкаларын тұтынады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2003-жылдың 29-желтоқсанында «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ның басшылығы жеке тұлғалардың ағымдағы шоттарын қызмет көрсету ақысына ай сайын 50 теңгелік тариф енгізу мерзімін 2004-жылдың 1-ақпанына дейін шегере тұруға шешім қабылдаған болатын. Бұл тариф жеке тұлғалардың теңге, АҚШ доллары және евромен ашқан ағымдағы шоттарына қызмет көрсету ақысына алынады деп күтілген болатын. Қазақстан Халық банкі бұл тарифті 2004-жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізуді межелеген. Алайда, ҚР үкіметімен қосымша консультациялар жүргізу үшін тариф енгізу мерзімін кейінге шегеру туралы шешім қабылданды, дейді банктегілер.

Соңғы жаңалықтар