А.Мәмбетов : «бүгін біз бұл тақырып бойынша Қытай әуе компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Алдағы аптада бірқатар шетелдік компаниялармен келіссөздердің екінші раундын өткізбекшіміз»,- деп мәлімдеді. «Ерте ме, кеш пе, Астана арқылы ұшу қаланың жағрафиялық орналасуы мен күн райы ахуалына байланысты тиімдірек дегенді шетелдіктердің өзі түсінеді»,- деді азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
Бұл орайда «Алматы әуежайын халықаралық әуежай деген мәртебеден ешкім де айырғалы отырған жоқ»,- деді А.Мәмбетов. «Азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі біздің бағдарламада Алматы, Атырау және Астана әуежайлары халықаралық бекеттер ретінде көрсетілген»,- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР көлік және коммуникация министрлігінің шешімімен 2005-жылдың 1-қыркүйегінен бастап халықаралық әуе желілері Алматыдан Астанаға ауыстырылады.
2005-жылдың 27-наурызы мен 29-қазаны аралығына созылатын жазғы ұшу кестесінің аясында Lufthansa әуе компаниясы Алматы-Франкфурт бағытында аптасына бес рейсті жолға шығаруды жалғастыра бермек. Ал әуе компаниясының қысқы жұмыс кестесі бекітілген жоқ.
Қазір Turkish Airlines әуе компаниясы Алматы-Стамбул бағытында аптасына 5 рейс шығарады. Ал жазғы навигация маусымында ұшырылымдар саны аптасына 7-ге дейін арттырылады.
Қазір Алматыға тікелей рейстер жасайтын әуе компанияларының арасында Lufthansa, KLM, Turkish Airlines, British Airways, China Southern Airlines, Iran Air, Pakistan International сынды ірі компаниялар бар.