Жарияланды: 450

ҚР Мемлекеттік хатшысы ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясына қатысушы бірқатар делегациялардың басшыларын қабылдады

Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Ислам ынтымақтастық ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысушы бірқатар делегациялардың басшыларын қабылдады.

Атап айтқанда, Мемлекеттік хатшының АҚШ-тың ИЫҰ-дағы арнайы елшісі Рашад Хуссейнмен кездесуі барысында қазақстандық-американдық әріптестікті нығайту, сондай-ақ мұсылман әлемімен АҚШ ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды. Қ.Саудабаевтың пайымынша, жоғары деңгейдегі ИЫҰ СІМК-нің 38-ші сессиясына АҚШ-тың қатысуы бірінші кезекте Президент Барак Обама әкімшілігінің мұсылман әлемімен диалог орнатуға зор мүдделік танытып отырғандығын білдіреді. «Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Ислам үметінің басты проблемалары нақты айқындалып, ислам әлемін одан әрі дамытудың нақты жолдары ұсынылды. Бұл ең алдымен - ислам әлемін жаңғырту, экономикалық кооперация және ислам елдерінде тұратын халықтардың әл-ауқатын арттыру», - деді Қ.Саудабаев. Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы Палестина ұлттық әкімшілігінің Сыртқы істер министрі Рияд Малькимен кездесуі барысында Таяу Шығыстағы жағдайды және оны бейбіт жолмен реттеу жолдарын қарастырды. Ал Бруней-Даруссалам мемлекетінің ханзадасы Мохаммед Болкиахпен кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту және кеңейту мәселелері сөз болды. Тараптар Бруней-Даруссалам сұлтаны Хассанала Болкиахтың шақыруы бойынша өтетін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сапары екі мемлекеттің қарым-қатынасына тың серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін