Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер министрі сыйлықтардың лауреаттары мен гранттардың иелерін, сонымен бірге Қазақстанның барлық журналистерін кәсіби мерекемен — Баспасөз, телевидение және радио күнімен құттықтады. Ол тәуелсіздікті нығайтуда және елдегі тұрақтылық пен татулықты орнықтыруда журналистер қауымының ерекше еңбек сіңіріп жүргенін атап айтты.
Биылғы жылы ҚР Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтары «Россия» телеарнасының «Вести недели» қорытынды бағдарламасының жүргізушісі Сергей Брилевке, «СТВ» телекомпаниясының бас директоры Айгүл Ишмұхамедоваға, «Көркем фильм» киностудиясының режиссері Рашид Сүлейменовке берілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің гранттарына «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сұңғатолла Әліпбаев, «Айқын» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Мира Берікболова, «КТК» телеарнасының меншікті хабарларын тарату директоры Артур Платонов және «Костанайские новости» газетінің шығармашылық ұжымы ие болды.
Салтанатты рәсім барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы «Диалог Евразии» халықаралық журналының жетекші шолушысы Салих Акчайға, «ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігінің жетекші шолушысы Кенжеболат Жолдыбайға, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Владимир Курятовке, Қазақ радиосының «Мен қазақпын!» бағдарламасының шығармашылық ұжымына және «Хабар-жер» телевизиялық бағдарламасының шығармашылық ұжымына жарияланды.
— Бүгінде БАҚ азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі. Қазір біз дамудың тарихи кезеңіне көштік. Еліміз Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Ұлт көшбасшысының дана басшылығымен жаңа онжылдыққа қадам басып отыр. Біздің алдымызда ауқымды әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларды жасау міндеті тұр. Бұл жалпыұлттық жоба. Ол бізге еліміздің одан әрі дамуының негізін қалауға мүмкіндік береді, — деді салтанатты рәсімде Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев.