ҚР мен РФ премьерлері елдер арасындағы кедендік кедергілерді алып тастау мәселелерін талқылады
ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов РФ премьері Владимир Путинмен телефон арқылы әңгіме барысында ресейлік әріптесімен елдер арасында Кеден одағы аясындағы кедендік кедергілерді алып тастау мәселелерін талқылады. |
«В. Путинмен телефон арқылы әңгімелестім. Кеден одағы мен елдердің арасындағы кедендік кедергілерді алып тастау мәселелерін талқыладық», - деп жазыпты К. Мәсімов Twitter-ге жұма күні.
РФ премьер-министрі сайтының хабарлауынша, телефон әңгімесі барысында үш елдің арасында (Қазақстан, Ресей Беларусь - ҚазТАГ) Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың қазіргі кезеңіне жоғары баға берілді.
«Бүгіннен бастап үш елдің шекараларындағы барлық кеден бекеттерін алып тастау бұл кезеңнің нышаны болып отыр», - делінген жұма күні таратылған ақпаратта.
Үкімет басшылары Қазақстан, Ресей және Беларусь ортақ кедендік кеңістікті құру бойынша міндеттердің бәрін орындағанын атап өтті.
«Бұл – бұрынғы КСРО аумағында оның құлдырауынан кейін болып отырған ең үлкен оқиға», - деген В. Путиннің сөздерін баспасөз қызметі келтіріп отыр.
Сонымен қатар, 3 елдің үкімет басшылары 2011 жылдың 12 шілдесінде Мәскеуде үшжақты форматта жұмыс кездесуін өткізу туралы, 3 елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізу туралы келісті.
Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Кеден одағы (бірыңғай кедендік аумағы) 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап қызмет етеді. 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағының Кедендік кодексі күшіне енеді, ал 3 елдің Бірыңғай экономикалық кеңістігі 2012 жылдың 1 қаңтарынан құрылады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін