Caravan Logo

ҚР мен РФ премьерлері елдер арасындағы кедендік кедергілерді алып тастау мәселелерін талқылады

ҚР мен РФ премьерлері елдер арасындағы кедендік кедергілерді алып тастау мәселелерін талқылады

«В. Путинмен телефон арқылы әңгімелестім. Кеден одағы мен елдердің арасындағы кедендік кедергілерді алып тастау мәселелерін талқыладық», - деп жазыпты К. Мәсімов Twitter-ге жұма күні.

РФ премьер-министрі сайтының хабарлауынша, телефон әңгімесі барысында үш елдің арасында (Қазақстан, Ресей Беларусь - ҚазТАГ) Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрудың қазіргі кезеңіне жоғары баға берілді.

«Бүгіннен бастап үш елдің шекараларындағы барлық кеден бекеттерін алып тастау бұл кезеңнің нышаны болып отыр», - делінген жұма күні таратылған ақпаратта.

Үкімет басшылары Қазақстан, Ресей және Беларусь ортақ кедендік кеңістікті құру бойынша міндеттердің бәрін орындағанын атап өтті.

«Бұл – бұрынғы КСРО аумағында оның құлдырауынан кейін болып отырған ең үлкен оқиға», - деген В. Путиннің сөздерін баспасөз қызметі келтіріп отыр.

Сонымен қатар, 3 елдің үкімет басшылары 2011 жылдың 12 шілдесінде Мәскеуде үшжақты форматта жұмыс кездесуін өткізу туралы, 3 елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізу туралы келісті.

Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Кеден одағы (бірыңғай кедендік аумағы) 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап қызмет етеді. 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағының Кедендік кодексі күшіне енеді, ал 3 елдің Бірыңғай экономикалық кеңістігі 2012 жылдың 1 қаңтарынан құрылады.