ҚР мен Шри-Ланка бизнес-қоғамдастықтары одан әрі өзара тиімді әріптестікті өрістетуі үшін бір-бірімен байланыс орнатқаны маңызды - М.Раджапакса
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Шри-Ланка Социалистік Демократиялық Республикасының Президенті Махинда Раджапакса келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арнап бірлескен брифинг өткізді. |
ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысы Шри-Ланка Президенті М.Раджапаксаның Қазақстанға мемлекеттік сапары үлкен мәнге ие екенін атап өтті.
- Біз дипломатиялық қатынастар орнауының 20 жылдығында өтіп отырған бұл сапарды елдеріміз арасындағы саяси, экономикалық байланыстардың кеңеюі ретінде қарастырамыз. Өткен уақыт ішінде біздің мемлекеттеріміз арасында сенім мен өзара түсіністіктің ізгі қарым-қатынастары қалыптасты. Қазақстан Шри-Ланкадағы көп жылға созылған кикілжіңдердің аяқталуын қолдайды. Оңтүстік Азиядағы экономикасы аса қарқынды саналатын елдің бірі ретінде Шри-Ланка өз өңірінде жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім көлемі бойынша бірінші орынға шықты. Біз сіздің еліңіз әлемдік қаржы дағдарысының салдарын табысты еңсергенін естігенімізге қуаныштымыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сауда-экономикалық қарым-қатынастардың қалыптасқан деңгейі екі елдің мүмкіндігіне жауап бере алмайтынын атап көрсетті.
- Біз осыған байланысты екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік беретін кешенді шараларды белгіледік. Мен ланкалық серіктестерді үдемелі индустриалды-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаны іске асыруға шақырдым. Шри-Ланканың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудегі тәжірибесі ерекше қызықтырады. Энергетика, көлік және туризм салалары біздің ынтымақтастығымызға арқау болады. Жеңіл өнеркәсіпте бірлескен кооперация үшін, атап айтқанда, тоқыма өнімдерін шығару үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Астанада біздің елдеріміздің бизнес-форумы өтеді. Онда іс-қимылдың жаңа салалары белгіленетін болады. Бүгін туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Біздің алдымызда экономикалық ынтымақтастық, өзара тиімді инвестицияны қорғау, қосарлы салық салуды жою жөнінде базалық келісімдер жасасу міндеті тұр, - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жақын арада сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Шри-Ланка үкіметаралық комиссиясы құрылатынын айтты. Бұдан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мазмұнды пікір алмасылды.
- Біз Оңтүстік Азиядағы жағдайды, энергетикалық және өңірлік қауіпсіздік мәселелерін, жаhандық қаржылық дағдарыс салдарын талқыладық. Халықаралық күн тәртібі бойынша біздің пікіріміз ұқсас екенін атап өтемін. Мен Президент мырзаға біздің елімізде ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу туралы тілегімізге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Біз ШЫҰ мен өзге де ұйымдар аясында ынтымақтастық орнатуға келістік. Мен Шри-Ланканы АӨСШК-ге мүше болуға шақырдым, - деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы М.Раджапаксаға жемісті ынтымақтастық үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Шри-Ланка көшбасшысы біздің елімізге мемлекеттік сапар жасауына мүмкіндік туғызғанына ырзашылығын білдірді.
- Бүгінде Қазақстан мен Шри-Ланка арасындағы қарым-қатынастар дәйекті түрде кеңейіп келеді. Мысалы, соңғы жылдары біздің елдер арасындағы тауар айналымы 60 пайызға артты. Одан әрі арттыра түсу үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Сол себептен бірлескен бизнес-форумға қатысу үшін Шри-Ланка бизнесмендерінің үлкен делегациясы менімен бірге Астанаға келді. Өзара тиімді серіктестікті одан әрі алға апару үшін біздің елдеріміздің бизнес қоғамдастығы бір-бірімен байланыс орнатқаны маңызды, - деді М.Раджапакса.
Шри-Ланка Президенті сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту, тікелей шетел инвестициясын ұлғайту, атап айтқанда, туристік индустрияны дамыту үшін екі елдің едәуір әлеуеті бар екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, М.Раджапакса таяу уақытта екі ел арасындағы әуе қатынасын ашу, өзара тиімді визалық режимді жеңілдету жөнінде бірқатар екіжақты келісімдерге қол қоюға келіскендіктерін мәлімдеді.
- Біз бүгін туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық, ал Цейлон сауда палатасы Қазақстанның сауда-экономикалық палатасымен меморандумға қол қояды. Мен Президент мырзаға біздің қарым-қатынастарымызды дамытуды қолдағаны үшін өте ризамын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық қасиеті өңірлік деңгейде де, халықаралық деңгейде де талассыз. АӨСШК аясындағы Азия елдері арасында сенімді диалогты орнату жөніндегі Сіздің бастамаңыз халықаралық аренада кеңінен танылды. Бүгінде Азия елдерімен тығыз ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды орнату үшін Шри-Ланка осы ұйымның бақылаушысы мәртебесін алуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, Шри-Ланка Қазақстанды БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің құрамына сайлануымен құттықтайды. Сондай-ақ мен 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі Астананың өтінішін толық қолдау ниетінде екенімді айтқым келеді. Осы көрмені өткізу сіздің еліңіздің Еуразия құрлығындағы қарқынды дамыған орталыққа айналуға ұмтылысына және әлеуетіне сәйкес келеді, - деді Шри-Ланка басшысы.
Махинда Раджапакса Нұрсұлтан Назарбаевты Шри-Ланкаға алғашқы мемлекеттік сапар жасауға шақырды.
Мемлекет басшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Социалистік Демократиялық Республикасының Үкіметі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін