Өрт қауіпсіздігі туралы заң жобасына енгізілетін өзгертулер мен түзетулер өртке қарсы қауіпсіздік органдарына адамдарды жұмысқа қабылдау және оларды жұмыстан босату, бір мәрте жәрдемақы мен өтемақылар төлеу тәртіптерін реттейді. Сонымен бірге, өрт сөндірушілерге берілетін арнайы атақтардың тізімі мен оларды тағайындау тәртібі мен өртке қарсы күрес саласы қызметкерлерінің зейнетақы қамтамасыздығы жөніндегі тәртіптер айқындалып, қызметтік міндеттерін орындамауға немесе тиісті деңгейде атқармауға байланысты жүктелетін жауапкершілік нақтыланған. Оған қоса, заң жобасына сәйкес мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметінің аймақтық бөлімшелерін қаржыландыру мәселесі де реттеліп отыр.
Сондай-ақ, комитеттегі жұмыс бабындағы талқылау барысында парламенттің төменгі палатасында бекітілген ҚР «Бәсекелестік және монополиялық іс-қызметке шектеу қою туралы» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасын сенаттың жалпы отырысына енгізу ертелік етеді деген қорытынды жасалды. Сенаторлар тауарлар мен қызметтер құнын реттеу тетіктерінің тиімділігіне күдік келтіріп, монополистердің өз ахуалын асыра пайдалануына шектеу қою қажеттігін атап көрсетті.
Заң жобасы тағы да қосымша пысықталады.