Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР президенті сенат депутаттарының сайлауын 2005-жылдың 19-тамызына белгілеу туралы жарлыққа қол қойды.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес, үміткерлердің атын ұсыну 18-маусымда басталып, 18-шілдеде аяқталады, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос.
Ал үміткерлерді тіркеу шарасы 29-шілдеде аяқталады. Соған сәйкес сайлау алдындағы үгіт-насихат шаралары 30-шілдеде басталып, 17-тамыз күнгі түн ортасына дейін жалғасуға тиіс.
В.Фоостың айтуынша, дауыс беру, дауысты санау және дауыс беру қорытындысын жариялау шараларын облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары 19-тамыз күні жүзеге асырады. Дауыс беру қорытындысы туралы хаттамалар Орталық сайлау комиссиясына 20-тамыздан кешіктірілмей жеткізілуге тиіс.
Жоспар бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын 25-тамыздан кешіктірмей анықтап, сайлау қорытындысы туралы хабарламаны 28-тамызға дейін БАҚ-тарда жариялауға тиіс.
1999-жылдың 17-қыркүйегінде сайланған 16 сенат депутатының конституциялық өкілеттілік мерзімі 2005-жылдың 30-қарашасында аяқталады.