Жарияланды: 2300

ҚР парламентіне таяу уақыттарда ауыз су туралы заң жобасы ұсынылады

ҚР парламентіне таяу уақыттарда ауыз су туралы заң жобасы ұсынылады. Бұл туралы бүгін, 20-қаңтарда 2003-жылғы адам дамуы туралы ұлттық есептің парламенттегі тұсаукесерінде сөз сөйлеген мәжілістің экология және табиғат жөніндегі комитетінің төрағасы Тито Сыздықов хабарлады.

"Заң жобасын жасау жұмыстары аяқталу сатысында, парламентке жуырда ұсынылады",- деді Т.Сыздықов. Адам дамуы жөніндегі ұлттық есеп мәліметтеріне сүйенсек, сумен қамтамасыз етілу деңгейіне қарай Қазақстан ТМД елдерінің арасынан соңғы орында. Ауыл тұрғындары қажетті мөлшерде ауыз сумен қамтамасыз етілуде қиындыққа тап келумен бірге , сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамытуға, жалпы оны іске қосуға қаржы тапшылығы кедергі келтіруіне байланысты ауыз су сапасы өте нашар. Еліміздегі ауылдардың басым көпшілігі (3 млн. тұрғыны бар) су құбырының жоқтығы салдарынан ауыз су мақсатында орталықтандырылмаған су көздерінен (құдықтар, бастаулар, артезиандық ұңғылар) шыққан, сапасы тазалық талаптарына мүлдем сай келмейтін суларды тұтынуға мәжбүр. Сондай-ақ, еліміз қалалары тұрғындарының 18 проценті тағы да осындай көздерден алынған суды пайдаланады. Сапасыз су тұтыну да республика тұрғындарының денсаулығына айтарлықтай әсер етуде. Мәселен, Қазақстан тұрғындары арасында кездесетін ауру түрлерінің 80 проценті су сапасының төмендігіне тікелей немесе жанама түрде байланысты. Атап айтсақ, Қазақстан тұрғындарының 50 проценті қаттылық нормаларына сай келмейтін суды, 5 проценті тазалық және гигиеналық талаптарға сай келмейтін суды тұтынуға мәжбүр. Су құбырларының 40 проценттен астамы қажетті су тазарту қондырғыларының кешенімен қамтамасыз етілмеген. Су тарату желілерінің 70 процентінің тозығы жетіп, түрлі апаттар мен судың ластануы белең алуда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін