Жұмыс сапары кезінде Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы тұрғын үй құрылысының барысымен, Петропавлдың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарымен танысады деп көзделген. Өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындары мен медицина мекемелерін, ауыл шаруашылығы кешендерін аралау жоспарда бар.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарының әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларының қатысуымен республикалық кеңес өткізеді деп күтілуде.
«Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесуде шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлік ортасын қайта реттеу, облыста өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ, жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен технологиялық жаңғырту, цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, ИИДМБ-2 іске асыру және инвестициялар тарту мәселелерін талқылау бойынша жұмыс кеңесін өткізу жоспарланған.
Бақытжан Сағынтаев биыл көктемде су деңгейінің көтерілуінен залал тартқан Заречный кентінде су тасқындарын ескерту мен олардың салдарларын жою бойынша көшпелі кеңес өткізеді деп көзделіп отыр.