Жарияланды: 500

ҚР Президентінің G-global форумын құру туралы бастамасының әлемдік экономика үшін маңызы зор - Жан Кретьен

Канаданың Квебек қаласы халықаралық күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылайтын маңызды орынға айналды. Қазан айының 21-і мен 24-і аралығында бұл жерде парламентаралық одақтың 127-ассамблеясы өтті.

Әлемнің 120 елінен келген, 2000-нан астам делегат айтулы форумға ядролық қарусыздандыру саласындағы жаңа бастамалар, ғаламдық ұлтаралық және конфессияаралық мәселелер, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету сияқты өзекті тақырыптарды талқылауға жиналды. Қазақстан атынан Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нұрлан Нығматулин бастаған делегация қатысты. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады. Парламентаралық одақ - парламенттер ықпалымен халықтар арасындағы ынтымақтастықты, демократияны нығайту және әлемдік іске әсер ету мақсатында 1889 жылы негізі қаланған, маңызы зор, тарихы терең халықаралық ұйымдардың бірі. Қазіргі уақытта оның құрамында әртүрлі елдердің 160 парламенті бар. Біздің еліміз ұйымға 1993 жылы мүше болды. Одақ мүшелері жылына 2-рет жиналып, әлемдік қауымдастыққа ортақ маңызды мәселелерді ортаға салып, тәжірибе алмасады. 127-ші Ассамблеяға қатысушылар, яғни, әлемге танымал саясаткерлер, депутаттар ең алдымен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына ерекше назар аударды. - Бізді сіздердің елдеріңіздің бейбітшілікті, келісім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тәжірибелері өте қызықтырады. Өйткені, Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың және оның, әсіресе, ұлтаралық сұхбат саласындағы ғаламдық бастамаларының арқасында Қазақстан бүкіл әлемге танылды. Сондықтан, біз әрқашанда сіздердің елдеріңіздің барлық ұсыныстарына ілтипатпен қараймыз, - деп ГФР Бундестаг төрағасы Норберт Ламмерт өз ойын ортаға салды. Сонымен қатар, G-глобал ауқымды экономикалық жоба да шетелдіктердің қызығушылығын туғызды. Ұлтаралық және конфессияаралық сұхбат саласындағы қазақстандық тәжірибе, елімізде өткізілген әлемдік діндер жетекшілернің съездері шетелдіктердің ерекше назарын аударды. Ал, Канада Парламенті Сенатының Спикері Ноэль Кинселла: «Қазақстандағы әлемдік діндерге арналған ғажайып сұхбат алаңы сіздердің елдеріңіздің ұлтаралық және конфессияаралық келісімінің керемет үлгісі болуға лайық. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері бір жерге жиналып, дүниежүзінде бейбітшілікті сақтаудың жолдарын талқыға салады», - дей келіп, бұл бастаманың болашағы да зор, әлеуетінің де мықты екеніне сенім білдірді. Сондай-ақ, ядролық қарусыздандыруға жәрдемдесудің жаңа жолдарын талқылау да маңызды тақырыптардың біріне айналды. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин өзінің шетелдік әріптестерін Елбасының жаңа бастамаларымен таныстырды. Әсіресе, «Атом» халықаралық ядролық энергетика жобаларын жүзеге асыруға баса мән берілді. Бельгияның, Мысырдың, Франция мен Германияның парламентінің өкілдері: «АТОМ» жобасы сіздердің елдеріңіз бен Көшбасшыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан еркін әлем құру жолындағы үрдістердің белсенді қолдаушылары екендіктеріңіздің тағы бір нақты дәлелі. Сондықтан осындай игі іске біздің келешекке бей-жай қарамайтын кез-келген адамның өз үлесін қоса алатыны өте маңызды», - деген ортақ пікірлерін білдірді. Ассамблея жұмысы барысында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ауғандық, мысырлық, канадалық, пәкістандық, ГФР, оңтүстіккореялық әріптестерімен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және тереңдету жайына баса назар аударылды. Атап айтар болсақ, Нұрлан Нығматулин мен ГФР Бундестаг төрағасы Норберт Ламмерт оның парламенттік дипломатияны халықаралық деңгейде ілгерлетуге зор үлес қосатындығына сенім білдірді. Ал, Канада экс-премьері Жан Кретьенмен болған кездесуде келісім-құқықтық негізді кеңейту туралы сөз қозғалды. Шетелдік парламент өкілдері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауқымды бастамаларына баса назар аударды. - Мен Қазақстанды жақсы білемін және Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен достығымды мақтан тұтамын. Бүгінгі күні сіздердің елдеріңізді дүниежүзі біледі, ол сіздердің Президенттеріңіздің халықаралық беделінің арқасы. Оның бастамалары, әсіресе, G-global әлемдік экономикада ерекше маңызға ие, - деді әңгіме барысында Канаданың экс- премьер-министрі Жан Кретьен. Қазақстандық делегацияның парламентаралық одақтың 127-ші Ассамблеясына қатысуын қорытындылай келе, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Біздің қазақстандық депутаттар үшін бұл форумның маңызы ерекше болды. Себебі, дүниежүзі елдерінің парламенттік өкілдері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси бағытын, соның ішінде, тұрақты және қауіпсіз әлем құру жолындағы бастамаларын талқылап, оған өте жоғары баға беруде. Бұл тек Қазақстан ғана емес, әлемдік даму деңгейінде Елбасымыздың рөлі зор екенінің тағы бір нақты көрсеткіші екені сөзсіз», - деп атап көрсетті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін