Жарияланды: 790

ҚР қаржы министрлігі 2003-жылы бағалы қағаздар эмиссиясын 2 есе арттырып 105,3 млрд. теңгеге, ал ҚР Ұлттық банкі қысқа мерзімді ноттар шығаруды 2,9 есе арттырып, 613 млрд. теңгеге жеткізді

2003-жылы ҚР қаржы министрлігі бағалы қағаздар эмиссиясын өткен жылғымен салыстырғанда 2 есе арттырып 105,3 млрд. теңгеге жеткізді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР Ұлттық банкінен хабарлады.

Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, нарыққа шығарылған жалпы бағалы қағаздар арасынан қысқа мерзімді бағалы қағаздар 7,8 процентті (8,2 млрд. теңге), ал орта мерзімді бағалы қағаздар 92,2 процентті (97,2 млрд. теңге) құрады. Қаржы министрлігі айналымға шығарған мемлекеттік бағалы қағаздар көлемі өткен жылы 50 процентке артып, 162,7 млрд. теңгені құрады. 2003-жылы қаржы министрлігі алғаш рет айналым мерзімі 5 жылдан жоғары орта мерзімді бағалы қағаздарды (6, 7 , 8 , 9 және 10 жылдық МЕОҚАМ-дар ) саудаға шығарды. Қазір қаржы министрлігінің барлық түрлі орта мерзімді бағалы қағаздары айналымда жүр. 2003-жылдың желтоқсан айында қаржы мекемесі айналым мерзімі 10 жылдық Мемлекеттік арнаулы қазынашылық міндеттемелерді (МЕАҚАМ) мерзімінен бұрын өтеді. Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша пайдалылық динамикасы бүкіл жыл бойына әр бағытта өзгеріп отырды. Қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша пайдалылық мөлшері артты (атап айтсақ, МЕҚҚАМ-3 бойынша пайдалылық деңгейі 5,3 проценттен 5,99 процентке дейін, МЕҚҚАМ-6 бойынша 5,58 проценттен 5,90 процентке дейін өсті). Ал кейбір орта мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістілік деңгейі төмендеді : МЕОҚАМ-2 бойынша 8,37%-тен 6,34%-ке дейін, МЕОҚАМ-3 бойынша 8,23%-тен 6,22%-ке дейін, МЕОҚАМ-6 бойынша 6,49%-тен 6,19%-ке дейін, МЕОҚАМ-10 бойынша 6,57%-тен 6,50 процентке дейін төмендеді. 7 және 8 жылдық МЕОҚАМ-дар бойынша пайдалылық деңгейі тиісінше 6,19% және 6,30% деңгейінде тұрақты сақталып қалды. 9 жылдық МЕОҚАМ (мемлекеттік орта мерзімді қазынашылық міндеттемелер) бойынша кірістілік деңгейі 6,30%-тен 6,40%-ке дейін артты. 2003-жылы Ұлттық банктің ашық рыноктағы операцияларының көлемі азайды. Мәселен, бір жыл ішінде репо операцияларының мөлшері 17,3%-ке азайып 476,1 млрд. теңгеге, ал кері репо операцияларының көлемі 42,6%-ке азайып, 21,8 млрд. теңгеге жетті. Ұлттық банкі бір жыл ішінде қысқа мерзімді ноттар шығару мөлшерін 2,9 есе арттырып, 613 млрд. теңгеге жеткізді. Ноттардың ең жоғары эмиссиясы жылдың екінші тоқсанында тіркелді. Тоқсан аясында ноттарды саудаға шығару қарқыны артып отырды, атап айтсақ, сәуірде 42,9 млрд. теңгенің, мамырда 70,4 млрд. теңгенің, маусымда 89,7 млрд. теңгенің ноттары шығарылды. Ұлттық банктің түсініктемесіне жүгінсек, ноттардың эмиссиясы көлемін ұлғайтуға екінші деңгейдегі банктердің әсіре ликвидтілігін төмендету қажеттілігі түрткі болған. ҚҰБ-нің ноттарының эмиссиясы мөлшерін арттыру олардың айналымдағы көлемінің 3,1 есе артуына алып келді (198,6 млрд. теңге). Қысқа мерзімді ноттар бойынша тиімді пайдалылық мөлшері 5,89%-тен 5,07%-ке дейін азайды (соңғы айдағы орташа кірістілік). ҚР Ұлттық банкінің қысқа мерзімді ноттарын шығару, оларды нарықта орналастыру, айналымын қамтамсыз ету және олар бойынша міндеттемелерді өтеу тәртіптеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, соған сәйкес 2003-жылдың маусым айынан бастап айналым мерзімі 91 күннен 1 жылға дейінгі ноттарды айналымға шығару мүмкіндігі жасалды. Қазіргі рынокта айналым мерзімі 91 күннен жоғары ноттар ғана айналыста жүр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін