Жарияланды: 370

ҚР қаржы министрлігі азаматтардың Қазжинақбанкіндегі салымдары бойынша өтемақы төлеу мерзімін ұзартпауға шешім қабылдады

ҚР қаржы министрлігі азаматтардың Қазжинақбанкіндегі салымдары бойынша өтемақы төлеу мерзімін ұзартпауға шешім қабылдады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қазақстан қаржы министрлігінен хабарлады.

Бұл шешімге министрліктегілердің берген түсініктемесіне жүгінсек, салымдарды мемлекеттік арнаулы компенсациялық казначейлік облигациялар түрінде қайтадан рәсімдеу процессінің қарқыны өте төмен болып шыққан. "Мұндай жағдайға шағын ақшалы салымдардың үлес салмағының тым жоғарылығы әсер етті. Азаматтардың шамалы салымдар бойынша өтемақы рәсімдеуге өтініш білдіру ықтималдығы өте төмен. Осындай салым иелері өтемақы алудан бас тартуда",- делінген министрліктің ресми түсініктемесінде. Сондай-ақ, салымдарды қайтадан рәсімдеу қарқынының төмендігіне "салымшылардың туған-туысқандары үшін мұрагерлікті рәсімдеу шығынының молдығы салдарынан резидент емес азаматтардың өтемақыдан бас тартуы" да әсер етіп отыр. Бұрынғы КСРО Қазжинақбанкінің (қазіргі "Қазақстан халық банкі" ААҚ) 1992-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен банк есепшотында салымдары қалған бұрынғы клиенттері үшін салымдарды қайтадан рәсімдеу жұмысы биылғы жылдың 23-желтоқсанында аяқталды. Бұл шара ҚР президентінің "Қазақстан Республикасының салымшылары үшін өтемақы төлеу туралы" Жарлығына сәйкес жүзеге асырылды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР қаржы министрлігі салымдар бойынша өтемақы төлеу мерзімін 2004-жылдың наурыз айына дейін созу мүмкіндігін қарастырған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін