ҚР СІМ сонымен бірге қыркүйектің 17 мен 26 аралығында өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының 60-шы сессиясының жалпы дебаттарына қатысады. Пікірталастар барысында мерейтойлық сессияның күн тәртібіне шығарылған мәселелерді іске асыруға қатысты кең көлемді мәселелер бойынша пікір алмасылады.
Қ.Тоқаев Филиппин президенті Глория Арройоның басқаруымен өтетін «Өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы диалог және ынтымақтастық» тақырыбындағы жоғары деңгейлі кездесу мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі келісімшартын күшіне енгізуге түрткі болуға бағытталған конференцияға қатысады. Сонымен бірге ҚР СІМ теңізге шығар жолы жоқ елдердің, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің, Ислам конференциясы ұйымына мүше елдердің, Азия ынтымақтастық диалогына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы кездесуіне қатысады.
БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық сессиясы барысында делегация басшылары дүниежүзіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ядролық лаңкестік әрекеттерімен күрес конвенциясына қол қояды.
Нью-Йорк сапары барысында Қ.Тоқаев Бельгия, Босния және Герцеговина, Ұлыбритания, Венгрия, Египет, Индонезия, Иордания, Иран, Малайзия, Непал, Нидерланды, Біріккен Араб Әмірліктері, Польша, Сингапур, Словения, Таиланд, Франция, Филиппин, Жапониялық әріптестерімен екі жақты келіссөздер жүргізеді.
Сонымен қатар БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасарымен, БҰҰ Даму бағдарламасының бас директорымен, АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары дәрежелі өкілдерімен, АҚШ-тың сыртқы саясат жөніндегі ұлттық комитетінің басшылығымен, бірқатар халықаралық ұйымдар мен БҰҰ жүйесіне енетін институттардың жетекшілерімен кездесулер межеленген.
БҰҰ-мен ынтымақтастық — Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы басымдықтарының бірі. 1992-жылдың наурыз айында ұйымға мүшелікке өткеннен бері еліміз оған мүше елдермен және оның құрамындағы арнаулы мекемелермен арадағы ықпалдастықты қарқынды дамыта отырып, ұйымның көп бағытты іс-қызметтеріне белсене атсалысып келеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті