Жарияланды: 900

ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің болжамына сәйкес желтоқсан айында инфляция деңгейі 1 процентті, ал оның жылдық деңгейі 6,8 процентті құрауы мүмкін

ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің болжамына сәйкес желтоқсан айында инфляция деңгейі 1 процентті, ал оның жылдық деңгейі 6,8 процентті құрауы мүмкін. Бұл туралы агенттік өкілдері бүгін, 12-желтоқсанда Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатында хабарлады.

"Егер инфляция деңгейі желтоқсане айында 1 процент деңгейінде сақталса, оның жылдық деңгейі 6,8 процентті құрайды",- деп мәлімдеді бүгін агенттіктің баға және еңбек статистикасы департаментінің директоры Нина Кривко. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 11 айында инфляция деңгейі 5,8 процентті құрады. "Инфляция деңгейі болжамнан біраз артып отыр. Ел экономикасының қазіргі даму қарқыны аясында инфляция деңгейі 6 проценттің айналасында болуы қалыпты жағдай",- дейді агенттік өкілі. Сондай-ақ, бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР Ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко да Қазақстанда 2003-жылы инфляция деңгейі болжамдық көрсеткіштен асып жығылуы мүмкін деген болжам айтқан болатын. Қараша айында инфляция 1,6%-ті құрап, соңғы 4 жылдағы ең жоғары айлық көрсеткішке жетті. Инфляция деңгейінің өсуіне азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай бағасының күрт қымбаттауы әсер етті. Осыған байланысты Г.Марченко қазіргідей баға қымбаттау қарқыны сақталған жағдайда Ұлттық банктің ақша-қарыз саясатын қатайтуы мүмкіндігін, соның ішінде Ұлттық банктің несиелендіру ақысын арттыру ықтималдығын жоққа шығарған жоқ. Елімізде 2001-жылы жылдық инфляция деңгейі 6,4 процентті, 2002-жылы 6,6 процентті құрады. Н.Кривконың айтуынша, желтоқсан айының алғашқы екі аптасында елімізде тауар және қызмет бағасы 0,5 процентке өсті. Мәселен, ұн 1,7%-ке, нан 0,2%-ке, жарма түрлері 1%-ке, жұмыртқа 0,7%-ке , сүт өнімдері 3,2%-ке, жеміс және көкөністер 2,6%-ке, ет және ет өнімдері 0,2%-ке, тұрғын-үй коммуналдық қызметтер 0,2%-ке, жолаушы тасымалының құны 0,1%-ке өсті. Ал жанармай бағасы 0,7%-ке арзандады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін