СІМ-нің ақпаратына сәйкес, республика сыртқы саясат мекемесінің басшысы Азия ынтымақтастық диалогына (АЫД) мүше-елдер сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты. Бұл форум Азиядағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқыға салу үшін Таиланд мемлекетінің бастамасы бойынша 2002-жылы құрылған. Қазақстан- бұл ұйымға мүшелікке өткен Орталық Азия аймағындағы бірден-бір мемлекет.
Министр өз сөзінде 2003-жылдың маусым айында форумға мүшелікке өткен еліміз атынан Азия ынтымақтастық диалогына (АЫД) мүше-елдермен қолданыстағы және қазір әзірленіп жатқан мемлекетаралық жобалар аясында әлеуметтік-экономикалық даму саласында өзара әріптестікті дамытуға құлшыныс таныта отырып, Азия құрлығындағы қауіпсіздік мәселесі бойынша өзекті тақырыптарға тоқталды.
Сондай-ақ, Қ.Тоқаев АСЕАН және Экономикалық Ынтымақтастық ұйымына мүше-елдердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары кездесуінің тең төрағасы ретінде министрлердің осынау дәстүрлі кеңесіне төрағалық жасады. Онда екі халықаралық ұйымның БҰҰ Бас ассамблеясының 58-сессиясы барысындағы ынтымақтастық мәселесі сарапқа салынды. Кездесу қорытындысы бойынша АСЕАН мен Экономикалық Ынтымақтастық ұйымына мүше-елдер министрлерінің біріккен коммюникесі қабылданды.
ҚР сыртқы істер министрі сондай-ақ, ашық теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер министрлерінің 2003-жылғы 28-29-тамыздағы халықаралық транзиттік тасымал саласындағы ынтымақтастық мәселесіне байланысты Алматыдағы министрлер кездесуінің қорытындысына арналған төртінші кеңеске қатысты. Алматы Конференциясының төрағасына сайланған Қасымжомарт Тоқаев өз сөзінде БҰҰ тарихында тұңғыш рет Қазақстанда өткен ішкі құрлық елдерінің тауқыметін талқылауға арналған ғаламдық жиынға жоғары баға берді. Өз сөзінде министр Конференцияның қорытынды құжаты — «Алматы іс-шаралар бағдарламасына» арқау болған міндеттерді жүзеге асыруға шешімді қадамдар жасауға шақырды. Кеңес қорытындысы бойынша коммюнике қабылданды.
ҚР СІМ-нен хабарлағанындай, еліміздің сыртқы саясат мекемесінің басшысы сондай-ақ, саясат саласында біршама бедел жинаған Азиялық қоғамда болып, онда «Қазақстанның сыртқы саясаты : аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері» деген тақырыпта дәріс оқыды. Кездесуге АҚШ-тың іскерлік өкілдері мен ғылым саласының қайраткерлері, Азиялық қоғамның мүшелері мен БҰҰ хатшылығының қызметкерлері қатысты. Қ.Тоқаев Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік бейбітшілікке төнген жаңа қатерлерге белсенді қарсы тұру үшін өзара интеграция мен аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның сыртқы саясатының басты аспектілеріне тоқталды. Қазақстан сыртқы істер министрінің оқыған дәрісін тыңдаушылар жылы қабылдады. Қ.Тоқаев кездесуге қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.