Жарияланды: 540

ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов Норвегия елшісі Д.Халворсенді қабылдады

28 шілде күні Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Норвегия Корольдігінің елшісі Даг Малмер Халворсенді қабылдады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Норвегияда жақында орын алған қайғылы оқиғаға орай қазақстандық сыртқы саяси ведомствосының басшысы «қайғылы сағаттарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Король Харальд V-ге Қазақстан халқының Норвегия халқына деген сезімдері мен қайғы-қасіретін жеткізген көңілін жолдағанын» атай отырып, қаза тапқандардың отбасына, туған-туыстары мен жақындарына терең көңілі мен зардап шеккендердің барлығына қолдау сөздерін жеткізді. Кездесу барасында Е.Қазыханов Қазақстан экстремизм мен ланкестіктің кез келген формасын қатты сынға алатынын атай отырып, «осы күндері Қазақстан халқы Норвегия халқының қасында және Қазақстан осы жылдардың барлығында экстремизм мен ланкестікпен күрес жөніндегі халықаралық шаралардың белсенді және маңызды қатысушысы болып келгенін» ерекше атап өтті. Астананың ағымдағы сыртқы саяси бастамаларына тоқтала келе, қазақстандық министр норвегиялық дипломатты ҚР Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің Кеңесіндегі басымдықтарымен таныстырып, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті, жаппай қырып-жою қаруын таратпау тәртібін нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу және дамытуға өз үлесін қосу, өркениет аралық үнқатысуды алға тарту, ислам әлемі мен Батыс арасындағы үйлестірілген өзара ықпалдастықты қамтамасыз ету, исламофобияға қарсы іс-әрекет жұмыстарын нығайтуға күшіміз шоғырланатынын атап өтті. Сонымен қатар, әңгімелесуші тараптар екіжақты мәселелер күнтәртібін қарастырды. Қаңтар айында Қазақстан мен Норвегия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 19 жыл толатынын айта отырып, тараптар тек оң мінез-құлқымен ерекшеленетін ықпалдастықтың барлық саласын қамтитын прогресске өз қанағаттарын білдірді. Астана Ослоны Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі ретінде қарастырады және барлық салада және барлық деңгейде ынтымақтастықты дамытуға мүдделі,-деп атап өтті өз сөзінде Е.Қазыханов. Екі елдің арасындағы саяси және сауда-экономикалық қатынастардың дамуы мен тереңдеуіне 2010 жылы Кронпринц Хокон Магнустың Астанаға ресми сапары өз септігін тигізгені сөзсіз, және сол сапар ортақ экономикалық жобалардағы норвегиялық инвесторлардың қызметін белсендіре түскені, екі елдің мәдениет және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастығын қозғағаны күмән тудырмайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін