Атап айтсақ, Қ.Тоқаев өзінің Түркия, Словения, Ауғанстан, Болгария, Монғолия, Пәкістан, Таиланд және Сингапурлық әріптестерімен келіссөздер жүргізіп, бұл кездесулер барысында халықаралық және екі жақты ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.
Түркия сыртқы істер министрімен кездесуде Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайының қорытындысы талқыға салынды. Түркиялық дипломат үшінші мыңжылдықта әділетті әрі бекем бейбітшілік орнату үшін конфессияаралық диалогты нығайтуда аталмыш форумды өткізудің дәл уақытын тапқан шара болғанын атап көрсетті.
Соғыс сарпалдаңынан жаңа ғана құтылған Ауғанстанның экономикасын қайта құрудағы өзара ынтымақтастық мәселесі осы елдің сыртқы саясат мекемесінің басшысымен болған кездесуде сарапқа салынды. Қ.Тоқаев Қазақстан тарапынан қазақстандық мамандарды жолдау, құрылыс материалдары, жанар-жағармай және азық-түлік өнімдерін жіберу жолымен Ауғанстан экономикасын қайтадан қалпына келтіруге жан-жақты жәрдем көрсетуге әзірлік танытты. Сондай-ақ, есірткі заттарын таратпау саласындағы екі елдің құқық қорғау мекемелерінің өзара ықпалдастық жолдары талқыланды.
Ал Монғолия сыртқы істер министрімен кездесу қорытындысы — аймақтық және халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша тараптар позициясының толыққанды сәйкесетіндігін айғақтап берді. Қ.Тоқаев Монғолиялық әріптесін өзіне қолайлы мерзімде Қазақстанға келіп қайтуға шақырды.
Сингапур сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстан басшылығының осы елде дипломатиялық миссия ашу туралы шешімін жоғары бағалады. Сондай-ақ, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың қараша айына белгіленген Сингапур еліне жасайтын ресми сапарына қатысты мәселелер де сарапқа салынды.