Жарияланды: 1200

ҚР тұрғындарының кіріс ауқымы ұлғаюы арқасында кедейлік азайды- ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі

Қазақстанда соңғы үш жылда жекелеген қызметкердің номиналды орташа айлық жалақысының мөлшері 1,4 есе артты. Бұл туралы Халықаралық еңбек Ұйымының 9-маусымда Женевада өткен 91-сессиясында ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова хабарлады.

Министрдің айтуынша, номиналды жалақы мөлшерінің артуы баға қымбаттауынан озып отырғандықтан нақты жалақы көлемі де арта түсуде. Үстіміздегі жылдың наурыз айында номиналды орташа айлық жалақы мөлшері 22500 теңге , немесе 150 долларды құрап, ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткішінен 4 есе, ең төменгі жалақы көрсеткішінен 4,2 есе артты ,- деп мәлімдеді Г.Қарағұсова. Аталмыш көрсеткіш бойынша Қазақстан 2002-жылы тек Ресейді ғана ілгері жіберіп алды. Сонымен бірге, кіріс саясатын дәйекті ұстану арқасында тұрғындардың жан басына шаққандағы орташа номиналды кіріс мөлшері арта түсті. 2003-жылдың ақпанында бұл көрсеткіш 8442 теңге немесе, 55,4 долларды құрады. Бұл - 2000-жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 15,6 процент артық. ҚР тұрғындарының кіріс ауқымы ұлғаюы арқасында кедейліктің таралу ауқымы да азая түсті. Қарағұсованың айтуынша, Қазақстанда кедейлікті өлшеуде абсолютті кедейлік деген критерий пайдаланылады. Сол себепті, ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткіші - сіңірі шыққан кедейлерді кедей еместерден айыратын аралық көрсеткіш . Сіңірі шыққан кедейлердің үлес салмағын анықтау үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткіші жан басына шағып тоқсан сайын есептеледі. 2003-жылдың бірінші тоқсанында республика бойынша бұл көрсеткіш 5193 теңге, немесе 34 долларды құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 13,8 проценке артты. ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстанда соңғы жылдарда ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткішінен де төмен кірісі бар кедейлердің үлес салмағы азая түсу ағымы белең алуда. Мәселен, 2000-жылы сіңірі шыққандар санатына әрбір үшінші тұрғын қамтылса, 2002-жылы әрбір төртінші Қазақстандық сіңірі шыққандар қатарына қосылды , ал болжамға сәйкес 2005-жылы ол 20 процентті құрайды деп күтілуде. Республикада қазіргі таңда еңбекақы жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде ,- деп хабарлады министр. Осы орайда Г.Қарағұсова 2002-жылдың 1-қаңтарынан бері мемлекеттік қызметкерлер сияқты бюджеттік ұйым қызметкерлері үшін де еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі концептуалдық негізде енгізілгенін жеткізді. Жалақы көлемін ұлғайту мәселесіне тоқталған Қазақстан өкілі ең төменгі жалақы мөлшері қызметкердің төменгі тұтыну мүмкіндігі мен оның төменгі еңбек өнімділігі көрсеткішіне байланысты белгіленетінін хабарлады. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейі көрсеткішінен қайткенде де артық болады ,- деді Г.Қарағұсова. Оның айтуынша, 2004-жылдың 1-қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 32 процентке артып, 5000 теңгеден 6600 теңгеге, яғни 43,1 долларға жетеді . Ал мәселеге гендерлік тұрғыдан қарағанда, Қазақстанда еңбекақы деңгейінде едәуір алшақтық сақталып отыр деп мәлімдеді әлеуметтік мекеме төрайымы. Орта есеппен Республика бойынша 2003-жылдың қаңтар-наурыз айларында ер адамдардың жалақы мөлшері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 14,1 процент артып 25924 теңгені, ал әйелдердің жалақысы 14,2 процент артып, 16287 теңгені құрады, бұл ер адамдардыкімен салыстырғанда 37,2 процент төмен. Өз сөзінің қорытындысында Г.Қарағұсова Қазақстан мен Халықаралық еңбек Ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың нығая түсетініне сенім білдірді. Алайда ол осы орайда Қазақстан Республикасы мен Халықаралық еңбек Ұйымы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі 2003-2006-жылдарға есептелген Меморандум жобасына қол қою мерзімінің кейінге шегерілуіне алаңдаушылық білдірді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть