Санақ нәтижесінде ғалымдар санағына шамамен 7 мыңдай ақбөкен іліккен. Ал осыдан оншақты жыл бұрын дала антилопасының тұяқ саны 70 мыңнан асып жығылатын.
Ғалымдардың пайымдауынша, көне хайуанаттар санатындағы ақбөкен санының күрт азаюына Арал аймағындағы экологиялық ахуалдың нашарлауы, браконьерліктің кеңінен етек алуы, оған қоса түз тағысы — қасқырлардың белсенділігінің арта түсуі әсер етті.
Облыстық орман және аң шаруашылығы жөніндегі аумақтық басқармасының маманы Талғат Досмаиловтың айтуынша, ақбөкеннің миграциялық жолдарын бойлай ұшақпен аралап шығуға ҚР ауылшаруашылығы министрлігі қолұшын берген көрінеді. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, орман және аң шаруашылығы комитеті жаңа жылдың басынан бері осы министрліктің құзырына берілген болатын.