Жарияланды: 470

ҚР үкімет басшысы мен Францияның Қазақстандағы елшісі Қашаған кенішін игеру мәселесін сарапқа салды

Бүгін, 27-қаңтарда ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жерар Перроллемен кездесу барысында Қашаған кенішін игеру мәселесін сарапқа салды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Францияның әріптестік қарым-қатынасты нығайта түсуге деген талпынысына қанағаттанғандық білдірді. Атап айтсақ, екі ел арасындағы табысты экономикалық әріптестікке нақты бір мысал ретінде Тоталь компаниясының Қазақстандағы іс-қызметі аталды. Бұл компания еліміздегі Қашаған және Құрманғазы кеніштерін игеруге атсалысып отырғаны мәлім. Д.Ахметовтың кездесуде атап көрсеткеніндей, "қазір Қашағандағы ахуалды жіті қадағалап отырған үкімет бұл мәселеге қатысты ең өзекті проблемалар шешілді деп санайды". Үкімет басшысы сондай-ақ, "барлық процесті реттеуге және мәселеге заңдық нүкте қоюға мүмкіндік беретін негізгі заңгерлік құжаттарды рәсімдеу жұмыстары ақпан айында аяқталады",- деп хабарлады. Д.Ахметов қазақстан рыногындағы француз капиталының үлес салмағын арттыруға Қазақстанның мүдделі екенін тағы бір дәлелдеп, Ж.Перролле мырзаға өз елінің бизнесмендерінің мұнайгаз саласына арнап машина жасау, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу, тұтыным тауарларын өндіру, сондай-ақ, Мойынқұмдағы уран кенішін игеру тәрізді салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективасына назар аударту жөнінде ұсыныс жасады. Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстан мен Франция арасында тікелей әуе байланысын орнатуға және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға байланысты кейбір мәселелер талқыланды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін