Қазақстан жағынан хаттамаға ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов, Халықарлық қайта құру және даму банкі атынан Әлемдік банктің вице-президенті Шигео Катсу қол қойды.
Қ.Келімбетовтың түсініктемесіне сүйенсек, экономикалық зерттеулерді қаржыландыру көлемі жылына 1 млн. долларды құрайды, бұл қаржының 50 процентін Қазақстан Республикасы шығарады.
«2005-жылдан бастап республикалық бюджетке Әлемдік банкпен бірлескен экономикалық зерттеулерді қаржыландыруға арналған қаржы қарастырылады»,- деді Қ.Келімбетов.
Өз кезегінде Ш.Катсудың атап көрсетуінше, «бұл Әлемдік банк үшін кіріс деңгейі орташа елдермен осындай ынтымақтастық деңгейіне көтерілген алғашқы оқиға болмақ». «Қазір Әлемдік банк бұл бағдарламаға үлкен қызығушылық танытып отыр»,- деді қаржыгер. «Әлемдік банктің ресурстары Қазақстан үкіметінің интеллектуалдық қорымен бірігу нәтижесінде қажет кезінде қажетті нәтижеге қол жеткізу көзделеді»,- деді ол.
ҚР үкіметі мен Әлемдік банктің бірлескен экономикалық зерттеулері 2002-жылы қолға алынған. Осы зерттеулер негізінде Бюджеттік Кодекстің жобасын жасау, шикізат өндіру саласына жатпайтын сектордың экономикалық өсімін ынталандыру, табиғи ресурстарды басқару жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтаудың тиімді саласын құру, зейнетақы жүйесін нығайту, Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өту жөнінде ақыл-кеңестер беру тәрізді салаларда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының бәсекелестік қабілетін арттыру, транспорт және су-энергетикалық салаларды жақсартуға бағытталған бірлескен жұмыстар жүзеге асырылуда.