Стратегияның базалық үлгісі бойынша баға бірқалыпты дамыған жағдайда ақша-қарыз саясатының басты мақсаты — инфляция деңгейін еліміздің 2005-2007-жылдарға арналған орта мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында айқындалған мөлшерде сақтап қалуға саяды. Жоспар бойынша инфляция деңгейі 2005-жылы 4,9%-6,5%, 2006- жылы 4,8%-6,2%, 2007 — жылы 4,1%-5,5%-ті құрауы тиіс. «Даму базалық болжам бойынша өрбіген жағдайда 2007-жылы экономикадағы ақша массасының өсімі 37,8 процентке жетеді деп болжануда»,- деді Д.Акишев.
Оның айтуынша, қаржы рыногындағы кірісті реттеу үшін қысқа мерзімді ноттар бұрынғыдай шығарыла береді, алайда, олардың айналыстағы мерзімі біршама қысқартылады деп күтілуде. Осындай жағдайда Ұлттық банктің депозиттері басы артық қолма-қол ақшаны айналымнан шығарудың басты құралына айналады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ақша артылып қалу проблемасын азайту және банктердің ликвидті құралдарын мейлінше икемді реттеу үшін ең төменгі резервтік талаптарды қалыптастыру тетіктеріне тиісті өзгерістер енгізу қарастырылуда.
Сонымен бірге ҚР Ұлттық банкі дер кезінде тиісті шара қолдану үшін қаржылық секторға жасалған шолуда зейнетақы активтерін есепке алу әдістемелері мен активтердің ақша-қарыз саясатына әсерін зерттемекші.