ҚР Ұлттық банкі Қазкоммерцбанктің қаржылық ахуалының тұрақсыздығы туралы ақпаратты жоққа шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-2 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР Ұлттық банкі Қазкоммерцбанктің қаржылық ахуалының тұрақсыздығы туралы ақпаратты жоққа шығарды

ҚР Ұлттық банкі Қазкоммерцбанктің қаржылық ахуалының тұрақсыздығы туралы ақпаратты жоққа шығарды

Қаржы саласының мамандары емес бола тұра, еліміздегі ірі банктердің қаржылық ахуалының нашарлағаны туралы ақпарат таратып жүрген жекелеген тұлғалар мен ұйымдардың әрекетін ҚР Ұлттық банкі еліміздің жалпы банк жүйесінің шаңырағын шайқалтуға және жекелеген банктердің беделін түсіруге бағытталған қитұрқы іс-шараға балайды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 15 Қыркүйек 2004
  • 621
Фото - Caravan.kz

Қазақстандағы банк секторы соңғы бірнеше жылда жоғары қарқынмен тұрақты дамып келе жатқанын атап өткен Ұлттық банк еліміздегі банктердің банкроттыққа ұшырауына ешбір макроэкономикалық себеп жоқ деп мәлімдейді.

«Ал салық тексерулеріне байланысты Қазақстандағы ірі банктердің, оның ішінде Қазкоммерцбанктің қаржылық ахуалының тұрақсыздығы туралы соңғы әзірде таралған ақпарт туралы бас банк мынадай мәлімет жариялайды: Салық заңнамасын бұзуға қатысты әшкереленген деректермен банктердің келіспеуіне байланысты қарсы шағым түсірілетіндіктен, тексерулер қорытындысын ақырғы үкім деп ұғуға болмайды. Сондай-ақ, салық бойынша берешекті өтеу үшін банктер төлейтін қаржы көлемі туралы да айту ерте»,- деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық банкі мен ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі мамандарының бағалауынша, тіпті жарияланған қаржыны төлеудің өзі банктердің қаржылық ахуалының нашарлауына апарып соқпайды, ал банк клиенттері мен салымшыларына ол тіпті де әсер етпейді.
«Қазақстан ұлттық банкі жоғарыдағыдай пиғылдағы адамдар мен ұйымдардың еліміз азаматтарына нұқсан келтіру арқылы саяси ұпай жинауды көздейтін іс-әрекетіне тосқауыл қою үшін тиісті құқық қорғау мекемелерінің көмегіне жүгіну құқығын сақтап қалады. Сондай-ақ, Ұлттық банк Қазақстан халқын осындай әрекеттердің ырқында кетпеуге, қандайбір шешім қабылдауда ақиқатқа бағынып, ресми дәлелденген мәліметтер мен мемлекеттік мекемелердің мәлімдемелеріне ғана сенуге шақырады»,- дейді Ұлттық банк баспасөз қызметі.
2004-жылдың 8 айында Қазақстанның банк жүйесінің жиынтық жеке капиталы 30,5 процентке өсіп, 291,6 млрд. теңгені құрады. Ал банктердің жиынтық активтері 30 процентке артып, 2,2 триллион теңге болды. Қаңтар-шілде айларында резиденттердің банк жүйесіндегі жалпы депозиттері көлемі 24,8 процентке артып, 914 млрд. теңгеге жетті. Ал резидент еместерді қоса есептегенде, халық салымдарының көлемі 15,3 процентке артып, 395,9 млрд. теңгені құрады.
Сонымен қатар банктер отандық экономиканы белсенді қаржыландыруда.
Жыл басынан бері банк несиелері бойынша еліміз экономикасына жұмсалған жалпы қарыз көлемі 26,1 процентке артып, шілде айының соңында бұл көрсеткіш 1,2 триллион теңге болды.
2004-жылғы 1-қыркүйектегі жағдаймен ҚР банк секторында екінші деңгейлі 35 банк, оның ішінде 1 мемлекеттік, шетелдердің қатысуымен құрылған 15 банк пен «Қазақстан даму банкі» АҚ жұмыс істеуде.

Перейти к новостям спорта