Ұлттық валюта бағамының өсу мүмкіндігін Ұлттық банк төрағасы дүниежүзілік базардағы мұнай бағасының қымбаттауымен, соған сәйкес, елімізде салық түсімдерінің арту мүмкіндігімен байланыстырады. Оның айтуынша, теңгенің нығаю ағымының тұрақтану мерзімі мұнай құнының өсуіне, өнім экспорттаушылардың тапқан валюта ауқымына және оны ішкі рынокта сату ауқымына тікелей байланысты болмақ.
Г.Марченко осы орайда үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында теңгенің тұрақты нығаю ағымы белең алып, теңгенің бір долларға шаққандағы бағамы 156 теңгеден 146-ға дейін азайғанын еске сала кетті. Жыл басынан бері ұлттық валютаның долларға шаққандағы номиналдық нығаюы 4,4 процентті, нақты нығаюы 6,5 процентті құрады.
«Алайда, қалыптаса бастаған ағымға ден қойсақ, әйтеуір қашан болмасын бір кері шегіну көрінісі белең алатыны анық еді. Осындай белгілі дәрежеде кері шегіну — тамыз-қыркүйек айыларында орын алды»,- деді бас банкир. Қыркүйек айында еліміздің валюта рыногінде теңге 1,02 процентке девальвацияланып, айдың аяғында оның биржалық бағамы бір долларға шаққанда 148,97 теңгені құрады.
Тұтастай алғанда, қыркүйек айында Ұлттық банк 52 млн. доллар сатса, 8-қазанда жалғыз күнде 56 млн. доллар сатып алды,- деді Г.Марченко.