ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қазақстан ипотекалық Компаниясының капиталынан үкіметтің де өзіндік үлес иемдену мүмкіндігін жоққа шығармайды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қазақстан ипотекалық Компаниясының капиталынан үкіметтің де өзіндік үлес иемдену мүмкіндігін жоққа шығармайды

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қазақстан ипотекалық Компаниясының капиталынан үкіметтің де өзіндік үлес иемдену мүмкіндігін жоққа шығармайды

"Егер үкімет бюджетте арнайы қаржы қарастырса, Қазақстан Ипотекалық компаниясының капиталынан оның өзіндік үлес иемдену мүмкіндігін теориялық тұрғыда жоққа шығаруға болмайды",- деді Қазақстан ипотекалық Компаниясын (ҚИК) одан әрі капитализациялау мәселесі бойынша түсініктеме берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко.

  • 27 Тамыз 2003
  • 690
Фото - Caravan.kz

Г.Марченконың айтуынша, Қазақстан Ипотекалық компаниясын жекешелендіру туралы шешімді ҚР Ұлттық банкінің басқармалары «әлдеқашан» қабылдаған. ҚИК-ын жартылай жекешелендіру арқылы Ұлттық банк өз иелігінде компания акцияларының 40 процентін қалдырып, 20 процентін халықаралық қаржылық ұйымдарға, атап айтсақ, Еуропалық Қайта құру және даму банкі мен Халықаралық Қаржы корпорациясына, ал қалған 40 процентін бағдарламаға қатысушы Қазақстандық банктерге сатуды жоспарлаған.

Алайда , Ұлттық банк төрағасының айтуынша, «бұл мәселеде Халықаралық Қаржы корпорациясы мен отандық коммерциялық банктер салғырттық танытып отыр. Ал компания жұмыс істемей қарап отыра алмайды». «Сол себепті компанияның капитал қорын ұлғайту үшін біз акцияларды басқа акционерлерге де ұсынуымыз мүмкін»,- дей келіп Г.Марченко егер Халықаралық Қаржы корпорациясы мен отандық коммерциялық банктер акцияны сатып алуға ниет білдірмесе, онда Ұлттық банктің үлесі арта түседі деп атап көрсетті.
«Егер жекелеген банктер ҚИК-ның капитал қорын арттыруға үлес қосқысы келмесе, бұл олардың өз еркі, Халықаралық Қаржы корпорациясына да айтарымыз осы. Бірақ біз қатаң схеманың шеңберінде қала бермейміз. Қажет жағдайда Ұлттық банк ҚИК-ын жекешелендіру жөніндегі бұған дейін қабылданған тәртіптік құрылымды түбірімен өзгерте алады»,- деді Г.Марченко.
Бас банкирдің түсініктемесіне жүгінсек, Ұлттық банк пен коммерциялық банктер арасында маржа мәселесіне байланысты пікір қайшылықтары туындаған.
«Банктер маржа жасаудың қажеті жоқ дегенді алға тартады. Банктердің бұл ұсынысын Еуропалық Қайта құру және даму банкі де тікелей қолдап, өзінің капитал үлесіне қатысу мүмкіндігін осы талаппен сабақтастырды. Егер біз бұл ұсынысты қабылдасақ, ставка бұрынғыдай 19 процент қалпында қалар еді. Егер жыл басында ипотекалық несие беру ставкасы 19 процент болса, қазір ол 13,5 процентке дейін азайды, ал қыркүйек айында 12 процентке дейін төмендейді деп күтілуде. Компания жұмысының нәтижесі осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па»,- деді Ұлттық банк төрағасы.
Г.Марченконың айтуынша, ҚИК-на қатысты тағы бір проблема ипотекалық несие бойынша кері төлем мәселесінде туындаған, бұл орайда коммерциялық банктер тәуекелге қатысты барлық жауапкершілікті жалғыз ҚИК-ке жүктеуді қалаған көрінеді. Ал Қазақстан ипотекалық компаниясында қазір жеке қауіпсіздік қызметінің де, өз заңгерлерінің де жоқтығы белгілі. Сондықтан да Ұлттық банк бұл талаппен тағы да келіскен жоқ.
Тұтастай алғанда, Г.Марченконың айтуынша, егер ірі коммерциялық банктер компанияның акционерлік капиталына қатыспады деген күннің өзінде бәсекелестіктің әсерімен ипотекалық неиелер бойынша проценттік ставканы азайтуға мәжбүр болады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ЖАҚ жарғылық қорын 1 млрд. теңгеге арттыру мақсатымен әрқайсысы 10 мың теңгеге бағаланған 100 мың дана қарапайым атаулы акциясын алдағы бірнеше айда биржалық саудаға шығарғалы отыр.
Компания активтері 2,8 млрд. теңгені, жеке капиталы 1,7 млрд. теңгені, несиелік қоржыны 2,2 млрд. теңгені құрайды.
«Қазақстан ипотекалық компаниясы» ЖАҚ еліміз үкіметі тарапынан бекітілген тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімді қаржыландыру және елімізде ипотекалық несие беру жүйесін дамыту жөніндегі концепцияға сәйкес құрылған. Компанияның құрылтайшысы ҚР Ұлттық банкі болып табылады .

Соңғы жаңалықтар