Ресей Федералдық бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық кітапхананың әлемдік әдебиет қорына соңғы жылдары Ресей басылымдарында жарық көрген 100-ден аса кітаптарды сыйға тарту етті.
Табыстау рәсімінде Қазақстандағы Ресей Федерациясының Бас Консулы Виктор Завьялов: «Ресей Консулдығы 2006 жылдан бері Ұлттық кітапхана қорын тұрақты түрде орыс тілді кітаптарымен толықтырып келеді»,-деп атап өтіп: «Кітаптардың дені өткен жылы ғана ғылыми орталықтар мен басылымдарда жарық көрген жаңа ғылыми кітаптар. Бас кітапхана — ғылыми кітапхана болғандықтан, оқырмандар үшін мұнда осындай кітаптардың болғаны дұрыс деп санадық. Екі айдан кейін, жаңа кітаптар топтамасын тағы да әкелетін боламыз. Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достықты нығайту мен екі мемлекет азаматтарының ақпараттандырылу деңгейін жақсарту мақсатындағы жұмыстар жалғасын тауып жатқанына қуаныштымыз»,-деді.
Кітап қорын толықтыру бөлімінің меңгерушісі Ханшайым Изамбекованың айтуынша, «ТМД елдерінің кітапханаларына көмек» Ресей Федералдық бағдарламасы аясында әлемдік әдебиет қорына бүгінде 3000-ға жуық кітап табысталған. «ҚР Ұлттық кітапханасы елдің бас кітапханасы ретінде оқырмандарға ресейлік ақпарат ресурстарын кеңінен қол жеткізуді барынша қамтамасыз етіп келеді. Өйткені, бүгінгі таңда оқырмандардың басым бөлігі Ресейде шыққан кітаптарды көбірек сұрайды»,-дейді бөлім меңгерушісі Х. Изамбекова.
Табысталған кітаптардың көпшілігі саясат, экономика, ғылым, мәдениет, өнер, тарих, тіл білімі, әдебиеттану саласына арналған ғылыми туындылар. Басылымдар арасында сонымен қатар энциклопедиялар, сөздік кітаптар мен көркем әдебиеттер де бар.