Айта кетелік, ҚТФ www.sports.kz сайтында Қазақстан мен Чехия құрамалары арасында өткен ойын бойынша пікір жазу нәтижелерін сараптамадан өткізе келіп, «Жанкүйер, сен Аргентинада қажетсің!» акциясы аясында ең үздік деп танылған түсіндірме авторларына Буэнос-Айресте өтетін ақтық теннис ойындарына жолдама тағайындау жөнінде шешім шығарған болатын.
Қазақстан құрамасының барлық ойындарын үзбей тамашалап, айрықша қызығушылық танытқан жанкүйерлердің сайтта жарияланған түсіндірмелері сараптамадан өткізіліп, нәтижесінде екі азамат ақтық сында Қазақстан кұрамасына қолдау көрсетуге лайықты деп танылды. Олар — оралдық Мейрамбек Шалжанов және астаналық Дамир Оразов.
Конференция барысында ҚТФ вице-президенті Әділ Бөрлібаев екі азаматқа Аргентинаға бару-қайту шығындарын толығымен көтеретін жолдама, үш күндік теннис турниріне билеттер мен ұлттық нақыштағы ҚР жанкүйерлерінің киімін тапсырды.
Әділ Бөрлібаев ойын барысындағы жанкүйерлердің қолдауы спортшыларға қосымша күш қосатындығын алға тартып, «Жанкүйер, сен Аргентинада қажетсің!» акциясының маңызын ерекше атап өтті. «Чехия мен Швейцария құрамаларымен болған кездесуде отандық жанкүйерлер ерекше қолдау көрсетті, олардың шынайы қолдауы спортшыларымызға үлкен демеу болады, сондықтан да біз қазір Аргентинадағы ақтық сынға баратын жанкүйерлер құрамасын жасақтап жатырмыз. Әлемдік деңгейдегі жарыста ойыншыларымызға үздіксіз әрі серпінді қолдау көрсетуіміз қажет, себебі команданың жеңісі — елдің жеңісі», — деді ол.
Сонымен қатар Әділ Бөрлібаев Аргентинадағы ел намысын қорғауға баратын Қазақстан құрамасының мүшелерін атап берді. Олар — Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Юрий Щюкин және Евгений Королев.