Қ.Тоқаев Қарусыздану конференциясының бас хатшылығы қызметіне кірісті - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қ.Тоқаев Қарусыздану конференциясының бас хатшылығы қызметіне кірісті

Қ.Тоқаев Қарусыздану конференциясының бас хатшылығы қызметіне кірісті

2011 жылдың 24 мамырында еліміздің белгілі мемлекет қайраткері ҚР парламенті сенатының бұрынғы төрағасы қазіргі таңда БҰҰ Женевадағы Еуропа бөлімшесінің бас директоры Қ.-Ж. Тоқаев Қарусыздану Конференциясының бас хатшысы – БҰҰ бас хатшысының ҚК Жеке өкілі қызметіне ресми түрде кірісті, деп ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады. Қарусыздану конференциясының қалыптасқан ережесіне сәйкес аталған жауапты қызмет БҰҰ Бас хатшысының ұсынысы негізінде және Қарусыздану конференциясы мүшелерінің біртұтас құптауымен тағайындалатыны белгілі.

  • 27 Мамыр 2011
  • 661
Фото - Caravan.kz

Халықаралық қоғамдастықтың қарусыздану, оның ішінде ядролық қарусыздану жө­нін­де келіссөздер жүргізуі үшін баламасы жоқ жалғыз көпжақты форумы Қару­сыздану жөніндегі конференция екені белгілі. Ол 1978 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының қару­сыз­дану жөніндегі алғашқы ар­найы сессиясының шешімімен 1979 жылы құрылған. Қазіргі кезде 66 мемлекет бұл Конференцияға мүше және Қазақстан 1999 жылы 5 тамыздан бері оның құрамында.

Осы ретте, Қарусыздану конференциясы Бас хатшысының міндеті аталған форумның жұмысына және оның шеңберінде талқыланатын мәселелерге, сондай-ақ делегацияларға жан-жақты қолғабыс көрсету болып табылады.

Жаңа тағайындалған Бас хатшы Қ.-Ж. Тоқаев өз сөзінде халықаралық қауымдастықтың 14 жылдан бері тығырықтағы Конференцияның күн тәртіюіндегі мәселелер бойынша нақты келіссөздерді күтіп отырғанын айрықша еске салып өтті. Қ.-Ж. Тоқаев өз қызметінің ҚК үшін өте шешуші кезеңіне дөп келгенін мойындай отырып, Конференция мүшелерімен ұйымның беделін сақтап қалу үшін тізе қосып жұмыс жасасуға шақырды.

Өз кезегінде, Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің дипломаты Қарусыздану конференциясындағы Шығыс Еуропа аймақтық тобының үйлестірушісі ретінде ҚК Бас хатшы Қ.-Ж. Тоқаевты жауапты қызметімен құттықтап, оған бұл қызметінде сәттілік тіледі. Шығыс Еуропа тобы халықаралық қарусыздану саласында тарихи үлесімен белгілі Қазақстан елінің өкілі ретінде Қ.-Ж. Тоқаевтың қарусыздану саласындағы мол тәжірибесі Қарусыздану конференциясының тығырықтан шығу жолында жәрдемші болатынына сенімін жеткізді.

Сонымен қатар, Қарусыздану конференциясының басқа да аймақтық топтарының атынан сөз алған елшілер Конференцияның жұмысын жандандыру мақсатында Бас хатшының сындарлы ұсыныс пікірлеріне ашық екенін мәлімдеді. Қытай, Ресей, Беларусь және Оңтүстік Корея елдерінің өкілдері Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы қадамдарын жоғары бағалай отырып, Қ.-Ж. Тоқаевтың Қазақстандағы бірқатар жауапты мемлекеттік қызметтерде екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға деген еңбегін де жоғары бағалап өтті.

Осы салтанатты сессияда көптеген делегациялар осындай жауапты қызметке қазақстандық өкілдің тағайындалуына байланысты құттықтау еліміздің Женевадағы Тұрақты өкілдігі дипломатына құттықтау лебіздерін жеткізді, делінген ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан хабарда.