«Тексеру барысында анықталғанындай, ҚТЖ компаниясында біз 2002-жылы анықтаған ақшаға қатысты қитұрқылықтар сол жылы компания басшылығы ауысқаннан кейін де тыйылмаған»,- деді С.Нұрпейісов.
Оның айтуынша, тексеру барысында ҚТЖ-мен жұмыс істейтін фирмалар арқылы 2,5 млрд теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру және шетелдік банктерге 5 млрд астам теңгені аудару деректері анықталған. «Қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру шарасы «Саламат А», «Асыл-А», «Жеңіс-М», «Polstar», «Евростиль», ИП «Махмудов» және тағы басқа жалған кәсіпорындар арқылы жүзеге асырылған. Бұл фирмалар салық та, бюджетке аударылатын басқа да төлемдерді мүлдем төлемеген», — деді Бас прокуратура өкілі.
«Компанияның ақшалары шетелге қарай асырылған негізгі фирмалар — «Изарторг» ЖШС мен «Сент мари-ком»ЖШС болып табылады», -деді С. Нұрпейісов. «Бұл фирмалар арқылы Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері , Сингапур, Корея, Жапония, АҚШ , Италия және басқа да елдердің банктері арқылы Латвия мен Панамаға және Виргиния аралдарына 4 млрд жуық теңге аударылған», — деді ол. » Жалған кәсіпорындар арқылы оффшорларға заңсыз ақша аударуға қатысты бұдан басқа да деректер анықталды», — деді Бас прокуратура өкілі.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін Бас прокуратура осы мекеменің 2006 жылдың аяғы мен 2007 жылдың басында аяқтаған «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ іс-қызметінің заңдылығын тексеру аясында компанияның бірқатар басшыларының үстінен 21 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сонымен қатар, 21 тексеру материалы қылмыстық іс қозғау туралы шешім шығару үшін қаржы полициясына жолданған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті