Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
«12 қаңтарда Астананың Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа «тұтқындау» шарасын тағайындады» деп хабарлайды Ұлттық бюродағылар.
Экс-министрдің ұсталғаны 10 қаңтарда белгілі болған еді. Бишімбаев «бірнеше адаммен жең ұшынан жалғасып, аса ірі көлемде пара алды» деген күдікпен қолға түскен. Бұл оның «Бәйтерек» ұлттық холдингін басқарған кезіне байланысты болуы мүмкін.
Айта кетейік, өткен жылы қараша айында аталған холдинг құрамындағы «Бәйтерек DEVELOPMENT» АҚ басшылары ұсталып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған еді. Олар аса ірі көлемде пара алуға арналған жүйе құрды деп айыпталуда. Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалға берілетін үй салу жобасына қатысты болып тұр.