Құрбан айт алдында мал бағасы шарықтап кетті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Құрбан айт алдында мал бағасы шарықтап кетті

Құрбан айт алдында мал бағасы шарықтап кетті

Нисап мөлшерінде жағдайы бар, бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жол сапарда емес мұсылманның бұл мерейлі күндері құрбандық шалуы уәжіп. Әрі сойылған мал етінің үштен бірі мұқтаж жандарға таратылуы тиіс. Алладан ғана жәрдем сұрайтын жұртшылық Алматыда да ала таңмен айт намазын оқып, артынша құрбан шалуға кірісті. Жиналған жамағат оңтүстік астананың да орталық мешітіне лық толды.

  • 27 Қазан 2012
  • 746
Фото - Caravan.kz

Таңалакеуімде Алла үйінде азан шақырылғанда тәкпір айтып құлақ қаққан мұсылман қауымның қарасы қашанғыдай көп. Айт намазынан қалып қою Жаратқаннан жәрдем сұраған жұртқа жат екенін жатқа біледі бәрі. Жамағат мешіт ішіне лық толды, қалғаны тыста тұрып құлшылық қылды. Көз қуантатыны сол, мұнда ес білген баладан еңкейген қарияға дейін жүр. Алла тағаланың әмірі мен Пайғамбарлар сүннетін орындау — ақыретте Жаратушымыздың сый-сияпатына кенелудің кілті екенін білген ағайын айт намазын оқып болғасын құрбан шалуға кірісті. “Құрбан” сөзі жақындау дегенді білдіреді, бүгінгі мерекедегі амалдардың барлығы Жаратқанға жақындаудың жолдары ғана.

Асылбек Әуезханұлы, ҚМДБ діни уағыз бөлімінің қызметкері:

Бір жыл бойы күтіп отырған ең қастерлі ең қадірлі құрбан айт мерекесіне жетіп отырмыз. Бұл тек біздің Қазақстанда ғана емес, жер бетіндегі бүкіл мерекелердің төресі. Өйткені мұны жай адамдар ойдан шығарған емес, Алла Тағала мұсылмандар қауымының мерекесі деп белгілеп берген.

Құрбандыққа шалатын малды мешітке әкелген ағайын Құранын оқытып арнаған жандықтарын сойдырды сонда. Еттерін үшке бөліп алды. Бірін өз отбасына қалдырса, бірін-көршісіне, бірін мұқтаж жандарға таратады. Амалын орындағандар мұсылман қауымын мерекесімен құттықтауға асық.

Орынғали Жиекбаев, Алматы қаласының тұрғыны:

Құрбан айтымыз қабыл болып, халқымыз ел іргесі аман болып, елбасымыз болып, Алла тыныштық болып әмсе құрбан айтта тойда тойлай берейік. Тойдан тойға жеткізейік әумин.

Алып қала Алматының мал базарларында төрт-түлік саудасының көрігі қызып тұр. Бойында сырқаты жоқ, құрбандыққа шалуға жарамды малдың бағалары қарыштап кеткен қазір. Алайда мал сою орындары мен мал базарларының қаңырап қалғаны жоқ одан. Бағаның болар жерін айтқандар құрбан шалар малын алып қайтуда.


Көрсетіп беремін таза қошқар екенін. Жуалынікі ғой, Жуалынікі.40-қа берші 40-қа. – 41-ге бер. –Жарайды.

 

Малының күйін малданғандардың ақыны аспандатқанына ағайын наразы. Мұсылман қауымының мерекесін тиын табудың көзіне айналдырғандардың қарекеті қате дейді. Құранда солай жазылған. Бірақ қай кезде де сауда мұраты ұту дейді саудагерлер, ал ақеділ елдің амалы жоқ.

Тоқан Советханов, Алматы қаласының тұрғыны:

Құрбан шалуға келгем, жаңа бір қой алып кеттім. Қойлары қымбаттау екен. Сонда да Құрбан айтта алу керек қой енді.  Қазіргі заманда Құрбан айтқа 2-3 күн қалғанда қымбаттай бастайды. Көбісі соны айналып кетті ғой, бизнеске айналып кетті.

Бір қойды бір отбасы ғана құрбандыққа шала алады. Ал сиыр мен түйе жеті отбасының жүгін көтереді. Әркім көрпесіне қарай көсіледі дегенмен. Қандастардың кейбірі өз үйінде қан шығарғанды жөн көрсе, ал көбісі құрбандыққа шалар малын алып арнайы қасапханаға тура тартады.

Әлемдегі 1 жарым млрд мұсылман қауымы үшін ұлық екі мерекенің бірі Рамазан айы болса, екіншісі бүгінгі Құрбан айт. Нисап мөлшерінде, яки 85 грамм алтынға татитын ауқаты бар мұсылман құрбан шалуға міндетті. Қандастарымыз да қалыс қалар емес. Алматының өзінде құрбандық шалуға арналған 5 орталық бар. Бірақ 1 жарым млн халқы бар мегаполиске ол да аздық етуде. Сондықтан қазір мынадай қосымша мал сою орындары ашылған.

Хадж сүресінің 37 аятында “құрбанның еті де қаны да Аллаға жетпейді, Аллаға жететін сендердің тақуалықтарың ғана” делінген. Ниет түзу болсын, Құрбан айт қабыл болсын барша мұсылман қауым.

Соңғы жаңалықтар