Құрбан айт - пендені Алланың рақым-мейіріміне бөлеп қана қоймай, халықтың бірлігі мен бауырластығын нығайтуға жол ашады - Астана қаласының бас имамы Қ.Заңқоев - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Құрбан айт - пендені Алланың рақым-мейіріміне бөлеп қана қоймай, халықтың бірлігі мен бауырластығын нығайтуға жол ашады - Астана қаласының бас имамы Қ.Заңқоев

Құрбан айт - пендені Алланың рақым-мейіріміне бөлеп қана қоймай, халықтың бірлігі мен бауырластығын нығайтуға жол ашады - Астана қаласының бас имамы Қ.Заңқоев

Араға жыл салып, күллі Ислам үмметі аңсай күткен ұлық мереке - Құрбан айтқа да бір күн қалды. Дәлірек айтсақ, ертең, 26 қазан Құрбан айттың алғашқы күні. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра - мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.

  • 25 Қазан 2012
  • 804
Фото - Caravan.kz

Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға қалтасы көтермеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі — құрбандық шалады. Қасиетті Құрбан айт халықтың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Айт мерекесі — Ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүниеге келген. Асыл дініміз мұны діни дәстүр, мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрландырды.

«Құрбан айт — пендені Алланың рақым-мейіріміне бөлеп қана қоймай, халықтың бірлігі мен бауырластығын және өзара қарым-қатынасын нығайтуға жол ашады. Бұл ұлы мейрамда алдымен айт намазы оқылып, кейін құрбандық шалынады. Кең дастарқан жайылып, бір-бірінің үйіне барып айтшылайды. Осылайша мұсылман мерекесі құлшылықпен басталып, өзінің барлық сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады. Алла тағаладан сіздерге зор денсаулық, қызметіңізге табыс, отбасыңызға береке-бірлік, ұжымыңызға қажымас қайрат, асыл дініміз исламға күш-қуат, барша мұсылман бауырларымызға һидаят тілейміз!», — дейді ҚМДБ-ның найб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Қалижан қажы Заңқоев.

Жалпы Ислам елдерінде екі айт мейрамының күндері демалыс деп жарияланған. Аллаға шүкір, біз де бұдан кенде емеспіз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз еліміз «Құрбан айт» мерекесінің алғашқы күнін республикалық деңгейде демалыс күні ретінде мерекеленіп келеді.

Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Тіпті, Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын», — деп қатаң ескерткен. Сондықтан қорада малы яки қаражаты бар адам Алла жолында құрбан шалып, мұқтаж жандарға үлестіріп беруі қажет. Бұл рәсім Құрбан айт намазынан кейін айттың үш күнінде орындалады. Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі күйлі болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Сиырдан тек екі жасқа толғаны, түйеден 5 жасқа толғаны құрбандыққа жарамды. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етілсе, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбан етіп шала алады. Малды сол жағымен құбылаға қаратып, бауыздар алдында «Бисмилләәһи Аллааһу әкбар» деп айтылады. Құрбан етінен өзі де, өзгелер де жей алады. Демек, пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарға немесе көршілерге, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалуына да болады.

«Тазалық — иманнан» демекші, осы аталған сауабы мол ғибадатты орындау үшін Астана қаласында арнайы орындар қарастырылған. Бұған Астана әкімдігінің қолдауымен қала сыртында арнайы мал сатылатын және мал сойылатын орындар белгіленген. «Ислам діні — тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында тазалықты сақтау мақсатында құрбан шалу рәсімін арнайы орындарда ғана атқару қажет екенін де айта өтеміз», — деді Қ.Заңқоев.

Әрине, әрбір иманжанды азамат құрбан айт жайлы танымын арттырып, сол күндері орындалар амалдарды білгені жөн. Мұсылман үмметі Құрбан айт күні таңертең дәрет алып, өзінің алғашқы қадамын тазарудан бастап, мұнан кейін үстіне кіршіксіз таза да жаңа киімдерін киіп, хош иіс себініп, мешітте көпшілікпен бірге мерекелік намаз оқиды. Намаз соңынан бірін-бірі құттықтап, қуаныш-қызықты бірге бөліседі.

Құрбандық шалу. Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат — құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады.

Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Алайда, кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болу қажет: 1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушылардың нышаны бар. 2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет. 3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса.

Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Және біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер де осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек етін алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы қабыл болмайды. Сонымен қатар, құрбандық малды кез-келген адамның дүниеден озған туысының немесе қадір тұтқан кісілердің, құрбандық жасауға жағдайы жоқ адамдардың сауабына бағыштау рұқсат етіледі.

Шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға құрбан шалу уәжіп етілген. Ал құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар, ниеттері арқылы сауапқа жете алады. Хадистерде «мұсылман баласының ниетінің тазалығына қарай сауабы беріледі», «оның ізгі ниеті амалынан қайырлы» деп айтылған. Яғни, қай істе болмасын мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» — деген ниетте болса, «мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді», деп жазылған. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол — айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Құрбандық шалу ғибадаты Аллаһ Тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап сатып алынған мал айт күндері бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адам, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбан шала беруіне болады.

Құрбандық шалушы бай болсын, кедей болсын өзінің құрбандығының етін жеуіне болады. Малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап (жақсы амал) саналады. Бір бөлігі — туған-туыстарына және бай болса да көршілеріне таратылады. Екінші бөлігі — кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі — өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Халық арасында қан шықса болды деген теріс ұғым қалыптасқан. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басы мен сүтін сату не болмаса оларды құрбандық жасалған жерде лақтырып кету мәкрүһ саналады. Барынша ысырап жасамауға тырысып, құрбандықтың ішек-қарнына дейін пайдаға жаратуға тырысу керек. Ең абзалы малдың етінен бөлек мүшелерін сатып ақшасын мұқтаж жандарға беру.

Ескерту: Айт намазы Астана қаласы бойынша таңертең 8:30-да оқылады.

Соңғы жаңалықтар