Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Асқан талант иесі, қазақтың қайталанбас біртуар азаматтарының бірі Құрманғазының есімін жастар арасында насихаттап, оның қалдырған өшпес мұраларын жаңғыртуға арналған конкурсты жыл сайын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Тұңғыш рет Құрманғазы атындағы Республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсы 1987 жылы Алматы қаласында өткізілген болатын. 5-ші конкурстан бастап іс-шара Қазақстанның астанасы Астана қаласында өткізіліп келеді.
Конкурс үш аталым бойынша өткізіледі: «Домбыра, шертер», «Қобыз, қыл-қобыз» және «Сырнай» (баян, аккордеон). Биылғы конкурсқа қатысуға 16-32 жас аралығындағы 45 өнерпаз өтініш білдірген. Олардың ішінде Ақтөбе, Атырау, Семей, Қарағанды, Алматы, Астана қалаларының шығармашылық ұжымдары мен музыкалық-оқу орындарының өкілдері бар. Конкурстың салтанатты ашылуы — 23 сәуірде ал, 26 сәуірде — Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы «Шабыт» ғимаратының үлкен залында конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және Гала-концерт өтетіні жоспарланған.