Құтқарушылар адам құлап кеткен 350 метрлік шахтаға түсуге дайындалуда
![]() |
Атырау облысының Индер ауданында құтқарушылар 6 желтоқсанда ішіне адам құлап кеткен қараусыз қалған 350 метрлік шахтаға түсуге дайындалуда. |
«7 желтоқсанда оқиға орнында ҚР ТЖМ Батыс аймақтық аэромобильдік жедел құтқару жасағының бес құтқарушысы күні бойы жұмыс істеді. Олар шахтаға түсу жолын зерттеп, жоғалған адамның бас киімін 70 метр тереңдікте тапты. Құтқарушылар үшін үлкен қауіп салдарынан шахтаға түсу уақытша тоқтатылды. Оқиға орнында облыстық ТЖ департаментінің күшімен жедел штаб құрылды. Командалық-штабтық машина жұмылдырылды, спутниктік байланыс ретке келтірілді, Ғаламтор қосылды. Барлығы 4 техника мен жеке құрамның 18 адамы жұмылдырылды. Шахтаның түбінде жарылу қаупі бар және улы газдарды анықтау, сондай-ақ қараусыз қалған шахтаның нақты тереңдігін анықтау бойынша жұмыс жүргізілді, өйткені оның техникалық құжаттамасы мұрағаттарда сақталмаған», - деп хабарлады Атырау облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінен.
Бүгін, 13 желтоқсан күні қараусыз қалған шахтаның кіреберісінде 330-350 метр тереңдікке түсу жүзеге асырылатын арнайы алаңды дайындау бойынша монтаждау жұмыстары басталды. Атырауға ҚР ТЖМ-нің үлкен тереңдікте жұмыс істеуде тәжірибесі бар құтқарушылар бригадасының келіп жетуі күтілуде.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін