Гаухар Құспанова өртенген пәтеріне күнде келеді. Астанаға екі ұлымен көшіп кеткен ол, қазір Қызылжардағы түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, әділдік іздеп жүр. Себебі өрт сөндірушілердің салғырттығынан 34 жастағы ұлы пәтерден дер кезінде шыға алмай түтінге тұншығып көз жұмған.
Өрт таңғы сағат 11 шамасында мына үйдің бесінші қабатынан шыққан. Терезеден будақтаған түтінді көрген көршілері дереу өрт сөндірушілерді шақырған екен. Олар қызыл жалынды айналасы жарты сағатта-ақ ауыздықтағанымен, пәтер ішінде көмек сұрап айғайлаған жігітке қол ұшын бере алмапты.
34 жастағы Жанжетпестің артында екі сәбиі мен жесірі қалған. Ал баласының жұмбақ өлімінің осы уақытқа дейін ақ-қарасын анықтай алмай жүрген анасы бар кінәні өрт сөндірушілердің біліксіздігінен көріп отыр.
Гауһар Құспанова, жәбірленуші:
— Олар іздеген жоқ, біреуі кірді, ешкім іздеген жоқ деді, өзгелері анау шкафтарды бәрін ақтарып жүрді бәрін. Менде миллион жатқандай.
Ұлынан айырылып қара жамылған ана енді өрт сөндіршілердің әділ жазасын беруді сұрап, құзырлы орындарды жағалап жүр. Ал төтенше жағдайлар қызметі болса өздеріне шаң жуытар емес.
Павел Филиппов, СҚО ТЖД бастығы:
— Тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ешкім ештеңе ұрламаған. Бөлмелерді аралап, барлық шкафтарды қарап шығу біздің міндетіміз. Мүмкін онда бықсып жатқан киім-кешек бар шығар.
Өрт сөндірушілер сол жолы 22 адамды сыртқа шығарған. Олардың арасында 9 бала бар екен. Айтуларынша құтқарушылардың бұл әрекетіне риза болған халық оларға тіпті алғыс хаттарды қарша боратқан. Тек тұрғындар мұны теріске шығарды.
Надежда Савенкова, көршісі:
— Ешкім ешқандай алғысхат жазған жоқ. Не үшін жазуымыз керек, біріншіден бұл олардың тікелей міндеті, екіншіден тым сылбыр қимылдады. Біз де жоғары қабатта отырып, түтінге тұншыға жаздадық.
Өрттің қасақана қойылғанын арнайы сараптама барысында анықталпты. Белгісіз біреулер Жанжетпесті дәретханаға қамап, еденге жанар май құйып, өртеп кеткен. Істің ақ-қарасын енді полиция тексеріп жатыр.