Caravan Logo

ҚҰТЗУ университеті студентінің өлімі жазатайым оқиға

ҚҰТЗУ университеті студентінің өлімі жазатайым оқиға

Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы аясында БАҚ өкілдеріне Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев айтты.

«Біз қазіргі уақытта анықтаудамыз. Ол жерде жазатайым оқиға орын алған. Студенттер төбелесіп, өкінішке орай 1 студент қаза тапты. Қазіргі уақытта университет басшылығы мән-жайды толығымен анықтауда. Тергеу амалдары жүргізілуде. Мән-жай толық белгілі болғаннан кейін хабарлайтын боламыз», - деді Т.Балықбаев.

Сонымен қатар вице-министр БАҚ өкілдерінің жоғары оқу орны басшысына қатысты қандай да бір шара қолданыла ма деген сауалдарына да жауап берді.


«Әрине, жоқ. Бұл жедел іс-қимыл емес қой. Мән-жай толық анықталғаннан кейін қандай шара қабылдайтындығымызды шешеміз», - деді ол.

Айта кетейік, 30 қараша күні Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің бас корпусында 4 курстың екі студенті арасында жанжал орын алған. Ұрыс-керіс барысында бір студент екінші студентке пышақ салып, соның салдарынан жәбірленуші оқиға орнында жантәсілім еткен.