Жарияланды: 350

Қылмыс әлемімен күресте полицейлер әлсіздік танытып отыр - Е. Дошаев

Соңғы бес жылдағы Ішкі істер министрлігінің қызметін сараптасақ, көрсеткіштер біздің полицейлердің қылмыс әлемімен күресте әзірше жеңіліп жатқандығын көрсетеді.

Бүгін Парламент Мәжілісінде Ішкі істер министрінің қатысуымен өткен Үкімет сағатында сөз сөйлеген депутат Ерген Дошаев осылай мәлім етті. Сөз арасында соңғы бес жылдағы фактілерге назар аудартқан депутат, жалпы қылмыс көрсеткішінің соңғы жылдары өсіп отырғанын алға тартты. Мәселен, егер 2007 жылы елімізде тіркелген қылмыстар 128 мыңнан сәл асса, ағымдағы жылдың қарашасында Қазақстанда 237 мың қылмыстық әрекеттер жүзеге асқан. Соның ішінде қылмыстық жағдайдың күрт өзгеруі 2011-2012 жылдардың еншісіне тиеді. «Әділдігі үшін айта кетейік, көрсеткіштердің бұлайша құбылуына ең алдымен Мемлекет басшысының нақты жағдайды жаба-жасырмай, азаматтардың құқық қорғау органдарына жасаған өтініштерін толық тіркеу туралы қатаң тапсырмасы айтарлықтай әсер етті. Дегенмен, осы кезең ішінде тонаудың айтарлықтай өскенін, бұзақылық фактілерінің екі есеге артқанын, бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде пәтер ұрлығы күрт көбейгенін айтпай қалуға еш болмайды», - дейді Ерген Дошаев. Бұдан бөлек, депутат ІІМ тергеу органдарының жұмыс сапасын да сынға алды. Оның айтуынша, егер 2007 жылы құқыққа қайшы жасалған барлық әрекеттердің 63,64 пайызы ашылса, 2012 жылы қылмыстарды ашу көрсеткіші 45,6 пайызға әрең жеткен. «Яғни, бүгінгі таңда барлық қылмыстың жартысынан астамы сол қалпында ашылмай қалып жатыр. Қарақшылар, баукеспе мен ұрылар еркіндікте жүр, ал жасаған қылмысы үшін бұлтартпай жазалау қағидаты тек қағаз жүзінде ғана», - деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін